Павлодар облысы әкімі баспасөз қызметінің мәлімдеуінше, өңірдегі «Жұмыспен қамту жол картасы» жөніндегі әрбір жоба қатаң бақылауда болады.

Аймақ басшысы Әбілқайыр Сқақов жұмыс орындарын құруға арналған мемлекеттік бағдарламаны іске асыру сапасы мен мерзімі үшін жауапкершіліктің жоғары екенін ескертті.

Қазіргі уақытта  облыста «Жұмыспен қамту жол картасы» бойынша жалпы сомасы 43 миллиард теңге болатын 200-ден астам жобаны жүзеге асыру жоспарланған. Соның арқасында өңірде 12 мыңнан астам жұмыс орны ашылады. Олардың жартысы жұмыспен қамту орталықтарында жұмыссыз ретінде есепте тұрғандарға тиесілі

- «Жұмыспен қамту жол картасы» бойынша барлық жобалар биылғы жылы аяқталуы тиіс, - деп атап өтті облыстық әкімдікте өткен жиын барысында Әбілқайыр Сқақов. - Біз бұл жұмысты төтенше жағдай режимі кезінде бастағандықтан, барлық жобалық және конкурстық құжаттаманы пысықтау қажет. Оған уақыт өте аз, сондықтан қалалар мен аудандардың әкімдері, сондай-ақ өңірлік басқармалардың басшылары барлық процестерді жеделдетуі тиіс.

«Жұмыспен қамту жол картасы» есебінен әлеуметтік нысандарды, тұрғын үйлерді, жолдарды және басқа да инфрақұрылымды жөндеу және салу жоспарлануда. Павлодар, Екібастұз және Ақсу қалаларында 207 балалар алаңын, 217 ауланы және 255 аула аумағын абаттандыру жоспарлануда. Сонымен қатар, өңірде 1114 пәтер беріліп, 108 шақырымнан астам жол қалпына келтірілмек.



Павлодар облысының әкімі мемлекеттік бағдарламаны іске асыру қатаң қоғамдық бақылаумен өтетінін мәлімдеді. Жобаның әрбір сатысында мониторингтік топтар жұмыс істейтін болады. Сондай-ақ жөндеу және құрылыс жұмыстарын қадағалау үшін оларды фото және бейнетіркеу мүмкіндігімен мобильді қосымша құрылатын болады. Қала және аудан әкімдері халық алдында «Жұмыспен қамту жол картасы» барысы туралы ай сайын есеп береді.

- Біздің мердігерлер қызметінің мониторингінде сыбайлас жемқорлық тәуекелдерін болдырмау үшін біз бұл іске құқық қорғау органдарының қатысуын өтінеміз, - деді аймақ басшысы. - Құқық бұзушылықтың алдын алу үшін «Жұмыспен қамту жол картасы» бойынша жұмысты біздің партия мүшелері, қалалық және аудандық мәслихат депутаттары, жұртшылық  қадағалайтын болады.

Әбілқайыр Сқақов қысқа мерзімде «Жұмыспен қамту жол картасы» бойынша әрбір жобаның тиімділігін қайта қарауды және келесі аптада мемлекеттік сатып алу рәсімін бастауды тапсырды.

Фото: Валерий Бугаев

pavlodarnews.kz

Тэги: covidk