Сoronavirus2020.kz сайтының мәлеметінше, Павлодар облысында коронавирус індетінен бір науқас көз жұмды.

- Коронавирус індетін жұқтырған тағы 17 адам тiркелді, Алматы қаласында - 1 адам, Ақмола облысында - 4 адам, Павлодар облысында - 2 адам, Қызылорда облысында - 8 адам, Нұр-Сұлтан қаласында - 2 адам, - деп жазылған хабарламада.

Облыстық денсаулық сақтау басқармасының ақпаратына сүйенсек, 9 сәуірде Павлодар облысында коронавирустық инфекция анықталған екі адамның бірі қайтыс болды.

- 1936 жылы туған Павлодар қаласының тұрғыны 8 сәуірде «ауырлығы орташа дәрежедегі ауруханадан тыс полисегментарлық пневмония, өкпенің созылмалы обструктивті ауруы» диагнозымен ауруханаға жатқызылған. Ер адам «бронх демікпесі», «өкпенің созылмалы обструктивті ауруы», «жүректің ишемиялық ауруы», «үшінші дәрежелі артериялық гипертензия» және «дене терісінің қатерлі ісігі» (2016 жылдан бастап) диагноздарымен есепте тұрды. Аталған аурулар науқастың жағдайының күрделене түсуіне әсер етті, - деп атап өтті ведомствода.

Еске сала кетейік, бұған дейін жұқпалы аурулар ауруханасынан COVID-19 жұқтырған алғашқы науқас шығарылған болатын. 32 жастағы ер адамның COVID-19 жұқтырғаны 27 наурызда расталды.

Коронавирустың алдын алу мақсатында облыс орталығында ауыл шаруашылығы жәрмеңкелері тоқтатылды.

1 сәуірден бастап облыста қосымша шектеу шаралары енгізілді. РФ және көршілес өңірлердің шекараларына қарай бағытта өңірде тоғыз блокпост қойылып, жолаушылар ағыны бақылауға алынды. Дипломатиялық қызмет пен транзиттік, жүк көліктері мен емделуге немесе жұмысқа баратындар ғана өткізілді. ТЖ енгізілгеннен кейін Павлодар облысына көші-қон ағыны 20 есеге дейін төмендеді.

Сонымен қатар, автопарктердің жұмыс тәртібі өзгерді. Үлкен және кіші классты автобустар сағат 20:00-ден кейін жүрмейтін болды, ал трамвайлар 6:00-ден 00:00-ге дейін қатынайды.

2 сәуірде Семейден «Шығыс» өңірлік қолбасшылығының әскери қызметкерлері келді. Сарбаздар Павлодардың орамішілік аумағын натрий гипохлоритпен өңдейді.

4 сәуірде облыс орталығына Түркиядан эвакуациялық рейс келіп қонды. 102 жолаушы бірден карантинге жіберілді.

6 сәуір күні елорданың 34 тұрғынын Нұр-Сұлтан қаласына жөнелтті, қалғандары Павлодарда 14 күнге оқшауланды.

 

Фото: Ольга Бугаева

 

pavlodarnews.kz

Тэги: covidk