Халықаралық балаларды қорғау күніне орайластырылған бұл шара барысында әр футболшы бір-бір жас жеткіншекті қолдарынан жетектеп алаңға шығып, әнұран орындады да ашық аспанға шарларды ұшырды.

- Бұл балаларымыздың арманы еді, - дейді Павлодар облыстық мүмкіндігі шектеулі балалардың оңалту орталығының директоры Қорлан Сәрсембинова. – Орталығымызда қимыл-тірек аппараты бұзылған 62 бала бар, олармен сегіз түрлі бағытта жұмыс жасаймыз, ол еңбекке баулу, шығармашылық, спорт және басқа да бағыттар. Бүгін 22 баламыз футболға арнайы келді.

Балалардың ең үлкені - 17 жаста, ең кішісі - төртте.

Айта кетейік, мүмкіндігі шектеулі балаларға «Ертіс» футбол клубы атынан әр футболшының қолтаңбасы қойылған доптар сыйға тартылды.

Ал, үзіліс кезінде павлодарлық футбол клубы ұйымдастырған балалар арасында киберфутбол жарысының жүлдегері мен жеңімпаздарын марапатталды. Жұптық сайыста ағайынды Ерназар мен Абылайхан Дүйсекеевтер, жекелей тартыста Талғатәлі Хайруллин топ жарды.

Бүгінгі «Ертіс» пен көкшетаулық «Оқжетпес» ойыны 0:0 есебімен тең аяқталды.

Абзал Қабдраш
Суреттерді түсірген – автор.

pavlodarnews.kz