Көрме орталығының ашылуына Иран, Жапония, Германия, Израиль, Египет және АҚШ елшілері қатысты. Қазақстанда дипломатиялық міндетін атқаратын өкілдерге өңірдің инвестициялық әлеуеті туралы айтылып, ынтымақтастыққа  ұсыныс жасалды.

- Сіздердің елдеріңіздің біздің облыстың экономикасының дамуына қосқан үлесін жоғары бағалаймыз, - деді Павлодар облысы әкімінің орынбасары Николай Дычко. - Сондықтан бүгінгі кездесу бірлескен жұмыстың жалғасы болады деген үміттеміз. Орталық ашу туралы идеяны аймақ басшысы Болат Бақауов білдірген. Мұнда облыстың дамуының келешектегі бағыттары, инфестициялық жобалардың каталогы, мемлекеттік қолдау шаралары туралы ақпарат орын алады. Сіздер бұл туралы өз елдеріңізден келген бизнесмендерге толық ақпарат береді деген үміттеміз. Бизнес делегациясына ыңғайлы жағдай жасау үшін «EXPO-2017» көрмесі мен орталық арасында автобус қатынайтын болады. Бұдан басқа, инвесторлардың тілегі бойынша ынтымақтастықты жалғастыру үшін кез келген уақытта Павлодар облысына сапар ұйымдастыруға әзірміз.

Израильдіктер өз кәсіпкерлерінің ауыл шаруашылығы және медицина салаларында, мемлекеттік-жеке меншік серіктестік аясында жұмыс істеуге қызығушылық білдіргенін атап өтті. Жапонияның төтенше және уәкілетті елшісі Итиро Кавабата жуырда Павлодар облысына жасаған жұмыс сапарын есіне алып, өңір туралы көптеген жаңа дүниені білгенін айтты.

- Мен өңірдегі әлеуметтік-экономикалық жағдай туралы өте пайдалы мәлімет алып, шетелдік мемлекеттермен байланысты дамыту мүмкіндіктері туралы білдім, - деді елші. – Оның ішінде Жапония да бар. Менің ойымша, көрме орталығының Павлодар облысын көпшілікке танытуға пайдасы зор. Сіздерге барып келгеннен кейін баяндама жасап, Токиоға жібердім. Осы айда біз Павлодардың инвестициялық әлеуеті туралы ақпараттандыруға Қазақстанда жұмыс істейтін жапондық бизнесмендермен кездесу ұйымдастыруды жоспарлап отырмыз.

Көрме орталығын таныстырғаннан кейін Николай Дычко элеватор салуға қызығушылық білдірген Қытайдың инвесторларымен кездесті. Аспан асты елінің өкілдері ендігі элеватор құрылысының жобасын әзірлеп қойған және оны Павлодар облысының аумағында орналастыруға дайын.

Томирис Бекжан
Суреттерді түсірген - Валерий Бугаев

pavlodarnews.kz