Мұндай ұсынысты қалалық мәслихаттың 21-кезекті сессиясында Павлодар қаласы прокуратура бөлімінің бастығы Рустам Түйебаев жергілікті полиция қызметінің бастығы Жасқайрат Қайыровқа білдірді. 

-  2015 жылы дәл осы сауда нүктесінің маңында 37, 2016 жылы  47 ауыр қылмыс жасалған, - деді Рустам Түйебаев. – Биылғы жылдың өзінде 10-нан астам жағдай тіркелген. Тіпті, адам өлімі сияқты қайғылы жағдайлар орын алған. Қазіргі таңда қасақана адам өлтіру фактісі бойынша қылмыстық іс аясында бейнебақылау камерасындағы жазбалар тексерілуде. Сонымен қатар түнгі уақытта алкоголь өнімдерін заңсыз сатуға  қатысты мәселе  қарастырылуда.  Егер "Арай" СҮ-нің дүкен ретінде жұмыс істейтіні анықталса, сағат 21-23-тен кейін алкоголь сату фактісі бойынша шара қолданылады. Көбінесе мұнда алкогольдік сусындар саудаланатыны  жасырын емес.  Бұл қала тұрғындарына мәлім. Ендігі сауда дәмханада ма, жоқ әлде дүкенде жүзеге асырыла ма екенін анықтау қалды. 

Өз кезегінде Жасқайрат Қайыров үнемі күзет ұйымдастырылатынын және бақылау жүргізілетін көліктер GPS жүйесімен қамтамасыз етілгенін жеткізді.

Еске сала кетейік, 11-маусым күні таңғы сағат 05:00 шамасында М.Исеналиев көшесінде орналасқан «Арай» сауда үйінің маңында жігіттер өзара жанжалдасып, нәтижесінде бір адам ажал құшқан. Күдікті ретінде ұсталғандардың бірі бұрын сотталған 26 жастағы Ақсу қаласының тұрғыны бірнеше күн бұрын ғана бас бостандығынан айыру орнынан босатылған. Ол 43 жастағы ер азаматқа пышақ сұғып алған.

Ақбота Сейсенбаева

pavlodarnews.kz