Бүгін өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз конференциясында облыстық индустриялық-инновациялық даму басқармасының басшысы Нұрболат Сейітмағамбетов аймақтағы индустриялық-инновациялық дамытубағытындағы мемлекеттік бағдарламасының іске асырылуы туралы айтып берді.

- Өңірге шетелдік және қазақстандық инвесторларды тарту жоспарға сай жүргізілуде, - дейді Нұрболат Сейітмағамбетов. - Мұндағы басты мақсат – үлкен экономикалық жобаларды жүзеге асыру, кәсіпорындарын ашу, халықты жұмыспен қамту. 2015 жылдан бастап осы жылдың алғашқы төрт айына дейін қайта өңдеу өнеркәсібіне құйылған инвестиция көлемі 534,5 млрд. теңгені құрады. Осы көрсеткіш бойынша біздің облыс елімізде көш бастап тұр. Биылғы жылдың басынан бері 45,1 млрд. теңгенің жобасы жүзеге асырылды.

Басқарма басшысының сөзінше, өткен айда бірқатар экономикалық жобалармен танысып қайтқан Қытай кәсіпкерлері ауқымды қаражат бөлуді көздеп отыр.

- Олар біздің облыста қандай салада болса да жұмыс жүргізуге әзір. Нақтырақ айтсақ, қытайлықтар химия, металлургия өнідірісіне қызығушылық танытуда. Сонымен қатар бос жатқан жерлерді суармалы жүйе арқылы игеруді көздеп отыр және жылыжай кешендерін ашып, қияр, қызанақ өсіруге ниет біліруде. Келесі айдың ортасында біздің облыстан арнайы делегация Қытай еліне барып, қосымша келіссөздер жүргізетін боламыз. Сол кезде нақты қанша қаражатқа қандай жобаларды бірге іске асыратынымыз белгілі болмақ, - дейді Нұрболат Сейітмағамбетов.

Тілеуберді Сахаба

pavlodarnews.kz