Бұл туралы бүгін өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз конференциясында ТЖД төтенше жағдайлардың алдын алу бөлімінің басшысы Сергей Сытник мәлім етті.

- Бойжеткеннің денесі әлі күнге дейін табылған жоқ, - дейді спикер. – Құтқару жасағы жұмыс мерзімін белгілеп, ұзақ уақыт жұмыс істеді. Белсенді түрде іздеу шаралары үш тәулік жүргізіледі,  ары кетсе 10 күнге созылады. ТЖ комитетіне мерзімді ұзарту бойынша хат жолдаған едік. Ол жақтан рұқсат алып, тағы да біраз уақыт іздеу жүргізілді. Егер де зардап шеккен тарапта қыздың қайда екені туралы ақпарат болса, қосымша жұмыс істейтін боламыз.

Құтқарушылар қыздың денесінің табылатындығына кепілдік бере алмайтындарын айтуда.

- Егер де бұл жағдай өзенде орын алса, денесін тауып алар едік, - дейді Павлодар облысы ТЖД жедел-құтқару жасағының бас құтқарушысы Ерғанат Аккузинов. – Мәселен, былтыр Павлодар ауылында 10 шақырым қашықтықта бір ай өткен соң ғана адамның денесі анықталды. 2015 жылы Ақсуда суға батып кеткен баланың денесі Усолкада 15 шақырым жерде табылды.

Айта кетерлігі, 2016 жылы облыстың су айдындарында төтенше жағдайға тап болған 51 адамның 18-і – балалар. Оның ішінде суға батып кеткен 19 адамның бесеуі – жеткіншектер.

Ақбота Сейсенбаева

Сурет ғаламтордан алынған

 

pavlodarnews.kz