Павлодар облысының индустриялық-инновациялық даму басқармасының басшысы Нұрболат Сейітмағамбетовтің сөзінше, еліміздегі өнеркәсіп саласы бойынша Атырау облысы көш бастаса, екінші орында Батыс Қазақстан облысы тұр.

- Мемлекет басшысының «Қазақстанның үшінші жаңғыруы: жаһандық бәсекеге қабілеттілік» тақырыбындағы Жолдауында айтылған тапсырмаларды орындау мақсатында базалық салаларды технологиялық тұрғыдан дамыту бойынша арнайы бағдарлама әзірленді. Бағдалама үш бағытты қамтиды. Біріншісі – қайта өңдеу өнеркәсібіндегі еңбек өнімділігін арттыру, екіншісі – қайта өңделген өнімді экспорттау. Ал, үшіншісі – қайта өңдеу өнеркәсібіне инвестиция тарту. Биылғы жылы экспорт көлемі ұлғайуы мүмкін. Өйткені шет мемлекеттерден біздің кәсіпорындарда шығарылатын алюминий, құбыр өнімдері, полипропилен және тұз қышқылы өнімдеріне сұраныс артуда. Биыл жыл басынан бері алыс және жақын шет мемлекеттерге 234,4 млн доллардың өнімі экспортталды, - дейді Нұрболат Сейітмағамбетов.

Басқарма басшысының айтуынша, жеке кәсіпорын өкілдері жыл басынан бері 19 мәселе бойынша облыстық әкімдікке жүгініп, барлығы да шешімін тапқан. Оның ішінде басым бөлігі жер, электр энергиясы және қаржы институттарымен келісімшарт жасауға байланысты.

Тілеуберді Сахаба

pavlodarnews.kz