Бұл көліктер 12 қалалық және аудандық ауруханаларға арналған. Жылдың соңына дейін аймақта ақ желеңділер қосымша 19 машина мен 10 реаномобильге ие болады.

- Өз ісінің хас шебері атанған медицина саласы қызметкерлерінің  еңбегінің арқасында материалдық-техникалық  базаны нығайту бойынша атқарылып жатқан жұмыстар өз нәтижесін беруде, - деді Болат Бақауов. – Бүгінгі таңда  өңірде денсаулық сақтау саласында екі мыңнан астам және орта буында алты мыңға жуық адам істейді. Олардың әрқайсысына және осы саланың дамуына сүбелі  үлес қосқан ардагерлерге ерекше алғыс білдіргім келеді.

Айта кетерлігі, өңірде 2012 жылы санитарлық көлікпен қамтамасыз ету 76 пайызды құраса, бүгінгі таңда бұл көрсеткіш 100 пайызға жеткен. Бұл еліміз бойынша үздік жетістік.

-  Біздің жедел жәрдем қызметіміз Қазақстан бойынша үздік болып табылады, - дейді облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Нұрлан Қасымов. – Дер кезінде медициналық қызмет көрсету және науқасты жедел жеткізу ауыл тұрғындарымен қатар, қалалықтар үшін өте маңызды. Сондықтан Павлодар облысында денсаулық сақтау саласына баса назар аударылып жатқаны қуантады.

Бұл күні ерекше еңбегімен бағаланған қызметкерлерге «Денсаулық сақтау ісіне қосқан үлесі үшін» белгісі мен облыс әкімінің атынан грамоталар,  алғыс хаттар табысталды. Медицина саласының ардагерлері «Еңбек ардагері» медальдарымен марапатталды.

«Өмір сыйлаған алтын қолдар» номинациясында облыстық перинаталдық орталық бөлімінің меңгерушісі Эльвира Сүлейменова, «Алтын скальпель» номинациясында облыстық кардиологиялық орталық бөлімінің меңгерушісі Алмас Антикеев  сертификат пен ноутбукке ие болды. «Үздік медициналық ұйым» аталымына лайықты деп танылған Ғ. Сұлтанов атындағы облыстық ауруханаға теледидар мен сертификат табыс етілді.

Суреттерді түсірген - Валерий Бугаев

pavlodarnews.kz