Астана қаласындағы Назарбаев университетінің екінші курс студенті Айкөркем Жұмабектің сөзінше, қарттар үйінің тұрғыны қазіргі қолданып жүрген протездің ыңғайсыз екенін айтып, жеңіл материалдан қайта жасап беруді өтінген.

- Мен Астанада робот техникасы мамандығы бойынша оқимын. С.Торайғыров атындағы Павлодар мемлекеттік университеті ұйымдастырып жатқан шараға Өскемен, Семей және Тараз жоғарғы оқу орындарында инженер және механик мамандықтары бойынша оқитын үш студентпен танысып, бірге жұмыс жасауға келістік. Біз Галина апайдың өтініші бойынша титан материалынан жаңа протез құрылғысын жасауды жөн санадық. Өйткені, ол кісінің бұрынғы протезі өте ығайсыз. Яғни, қарт адам үшін ауыр және ыстық. Біз жасайтын протездің ұлтарағы (ступинаторы) жеңіл және аяққа киіліп тұратын жерінде ауа кіретін тесіктері бар. Сонымен қатар, біз таңдаған материал осындай жасанды аяқ мүшесіне арналған жұмсақ, яғни аяқты қажамайды. Сондықтан бұл мүмкіндігі шектеулі жандар үшін өте ыңғайлы боларына сенімдіміз. Шара соңында өз жобамызды сәтті қорғап шығуға тырысамыз, - дейді Айкөркем Жұмабек.

Айкөркемнің тобында тағы үш студент бар. Олар протездің сызбалық нұсқасын қағаз бетіне түсіріп, оны арнайы білдек арқылы құрастыруға кіріскен.

Айта кетейік, бүгін С.Торайғыров атындағы ПМУ-де мүмкіндігі шектеулі адамдардың тұрмыстық жағдайын жақсартуға арналған құрылғылар жасалатын 72 сағаттық марафон басталды. Оған Қазақстанның сегіз қаласындағы 10 жоғарғы оқу орнына келген студенттер сегіз командаға бірігіп, өз жобаларын құрастыруда. Үш күнге жалғасатын өнертапқыштар марафонының жеңімпаздары 18 маусымда сағат 18.00-де марапатталады.

Тілеуберді Сахаба

Сурет ПМУ баспасөз қызметінен алынды 

pavlodarnews.kz