Махамбет Өтемісұлы атындағы Батыс Қазақстан мемлекеттік университетінің студенті Мейірбек Ерланұлының сөзінше, тамақтану құрылғысы жүйке жүйесі зақымданған жандарға арналған. Бұл Қазақстанның ғана емес, ТМД елдерінің арасында алғаш қолға алынған жоба екенін айтады студент.

- Өздеріңіз білесіздер, сал ауруымен ауыратын жандардың тамақтануы барысында көптеген қиыншылықтар туындап жатады. Олардың қолдары дұрыс ұстай алмайды, денелері толық жетілмеген. Сол себептен қолдың көмегінсіз автоматты түрде жұмыс істейтін арнайы құрылғы ойлап таптық. Ең негізгі екі механизмі бар. Оның бірі – қолдың көмегінсіз тамақты ауызға жеткізетін қосымшасы болса, екіншісі - жарықсезгіш диодты. Мұнымен тек палау, қуырдақ секілді қою тағамдарды ғана жей алады. Алдағы уақытта шай және сұйық тағамдар ішетін қосымшасын да енгізуіміз мүмкін. Алдымен осы нұсқаны тәжірибе жүзінде іске асырып көруіміз керек, - дейді Мейірбек.

Команда құрамында төрт адам бар. Оның үшеуі психолог болса, біреуі -технолог. Себебі сырқат жандардың жағдайын түсіну үшін психологтың көмегі ауадай қажет.

Тілеуберді Сахаба

pavlodarnews.kz