Павлодар облысының әкімі Болат Бақауов Май ауданында салынып жатқан және жөндеуге алынған нысандарды аралап шықты. Өңір басшысына Ақжар ауылында ұзындығы 1,7 шақырым болатын кірме жолын жөндеуге республикалық бюджеттен 10 миллион теңге бөлінгені туралы айтылды.

- Бұл жолдар да кент ішіндегі жолдар тәрізді 20 жылдан астам уақыт бойы жөндеу көрмеген, - деді ауыл әкімі Серік Құсайынов. – Келісімшартқа сәйкес көріктендіру бойынша жұмысты мердігер шілденің аяғына дейін бітіруі тиіс. Дегенмен құрылысшылар жұмысты мерзімінен бұрын аяқтауға уәде беріп отыр.

 Көктөбе ауылында жас мамандар үшін 16  пәтерлік тұрғын үйдің құрылысы басталған. Аймақ басшысымен кездескен мердігерлік ұйымның өкілдері нысанды қыркүйекте тапсыратындарын айтты. Бұдан басқа, тамыз айында аудан орталығында төрт екі пәтерлі үй қолданысқа беріледі. Қазіргі таңда учаскеге құрылыс материалдары әкелініп, фундамент блоктарын қалау жұмысы жүргізілуде. Сонымен қатар, бұрынғы туберкулез ауруханасының ғимараты тұрғын үй ретінде келтіріледі. Аумағы 700 шаршы метр мекеме он жылдан бері тоқырап тұр.

Май ауданы әкімінің орынбасары Данабек Сейтқазиннің айтуынша, ғимаратқа толығымен дезинфекция жүргізілген. Алайда қайта қалыпқа келтірудің алдында эпидемиологтармен бірге қосымша дезинфекция жасалады. Май ауданына жасаған жұмыс сапарында өңір басшысы ауыл мектептері мен әлеуметтік, мәдени және тұрғындарды сумен қамтамасыз ету нысандарында болды.

Суреттерді түсірген - Валерий Бугаев

 

 

 

pavlodarnews.kz