«Фитосанитария» МКК облыстық филиалының бас маманы Иван Кисильдің айтуынша, мұндай жұмыстар күн сайын тәулігіне екі рет өткізіледі. Сонымен қатар шіркейлердің дернәсілдеріне қарсы таяз сулар өңделеді. 14-маусым күні Ақсу қаласынан он шақырым қашықтықта суға 23 тонна «Бактицид» препараты құйылған. Қала бойынша хим қалашығынан бастап өзен сапаржайына дейін, Мойылды кенті мен әуежай аумағында қансорғыштарға қарсы күрес жүргізіледі. Ертіс жағалауына қарсы аумақта мамандар қайық арқылы төмен қарай түсіп, тосқауыл қоюды жоспарлап отыр.

- Алдағы уақытта Ертіс өзенінің 800 шақырым арнасы өңделеді, - дейді ол. - Жағдай бақылауға алынған. Биыл Ертістің ернеуінен асуы да шіркейлердің көбеюіне себеп болып отыр. Себебі жел соқса болғаны өңделмеген өзен алқабынан қанатты жәндіктер 200 шақырымға дейін тарап кетеді. Біз инелікке емес, тек өз филиалымыздың күшіне ғана сенеміз. «Бактицид» препаратының құрамындағы бактериялар суда кездеседі. Осы препарат олардың санын арттыру үшін қолданылады. Оның адам денсаулығына кері әсер етерліктей ешбір зияны жоқ.

Маманның пікірінше, бүгінде тұрғындар тарапынан шағым  толастар емес. Себебі былтырмен салыстырғанда шіркейлердің дернәсілі үш есеге көбейген. Норма бойынша бір шаршы метр аумаққа 501 дернәсілден келеді. Сондықтан қансорғыштардан құтылу үшін шамамен екі-үш жыл керек.

- Егер де биыл өңдеу жұмыстары жүргізілмегенде жағдай бұдан да ушығып кететін еді. Өткен жылы жәндіктер белсенді түрде жұмыртқа салып тастаған және оларды ешкім уламаған. Бір сөзбен айтсақ, былтырғы қателіктердің кесірінен биыл зардап шегіп отырмыз. Қазіргі таңда алдағы жылдар үшін жұмыс істейміз, - дейді Иван Кисиль.

Ақбота Сейсенбаева

Суреттерді түсірген -  автор

pavlodarnews.kz