Баспасөз қызметі ұсынған ақпаратқа сүйенсек, ақ дастархан басына мешіт жамағаттары, қалалық мүгедектер ұйымы, зағиптер ұйымы, зиялы қауым өкілдері, Павлодар қаласының құрметті азаматтары, студенттер, жастар өкілдері, ардагер аталар мен апалар шақырылды.

ҚМДБ-ның өкілі, Мәшһүр Жүсіп орталық мешітінің бас имамы Нариман қажы Ермекұлы қасиетті Рамазан айындағы ораза құлшылығы туралы кең көлемде тағылымды уағыз айтты.

Өкіл имам өз сөзінің соңында осыншама адамды қамтыған мол дастархан жайып, қасиетті Рамазан айында «Алла ризашылығы үшін!» деген шын ниетімен сауаптарын еселеп жатқан өңірімізге танымал жас кәсіпкерлерге ҚМДБ Павлодар облысының өкілдігі атынан арнайы «Алғыс хаттар» табыс етті.

Сізддерді жомарт, жанашыр азаматтар, қайырымды кәсіпкерлер ретінде көпшілік жақсы таниды. Көмекке мұқтаж адамдарға қамқорлық көрсетуде, жетім мен жесірге мейірімділік танытып, ауылдағы ағайынға көңіл бөлуде қолдарыңыздан келген көмекті аяған емессіздер. Жасаған әр жақсылығыңыз жаныңызды Жәннатқа жетелесін! Рамазан – мол сауап жинайтын қасиетті ай. Адам баласы ізгі амалы арқылы Жаратушының рақымына, нығметіне кенеледі. Бір хадисінде Пайғамбарымыз (с.ғ.с): «Алла Тағала өзгелерге рақымды пенделерін өз рақметіне бөлейді», – дейді. Жаратушының рахым нұрына бөленіңіздер!,- деді өкіл имам.

Сондай-ақ ауызашарға қатысушылар тарапынан да сөз алып, қашан да осындай игі істердің ұйытқысы болып келе жатқан мешіт ұжымына да алғыс білдірді.

Дастархан соңы дүниеден өткен ата-бабалар рухына Құран бағышталып, абыз ақсақалдардың болашаққа жақсылықтар мен жетістіктер тілеген алқалы батасымен байыды.

 

pavlodarnews.kz