Кәсіпорынның баспасөз қызметі ұсынған ақпаратқа сүйенсек, 250 метрлік тереңдікте мерейтойлық көмірді тиеу құрметі SRs(K)-2000 №4108 роторлы экскаватор экипажына берілді. Бұл міндетті аға машинист Юрий Федоровтың басшылығымен экипаж машинистері құрамында Григорий Станчевский, Серік Тайлақов атқарды. Экипаж кеншілерінің көбі кәсіпорынның негізі қаланғаннан бері табан аудармастан осында еңбек етіп келеді.

– «Шығыс» кенішінің алғашқы көмір тонналарын өндіру сәтіне қатысу мен үшін үлкен абырой. Жас мамандар соңғы үлгіде жабдықталған кенішіміздің алғашқы табысына балаша қуанды. 30 жылдан аса уақыт өткенен кейін 550 млн тонналық көмірдің өндірілуін көргенім мен үшін ерекше күн,– деді «ЕЭК» АҚ «Шығыс» кенішінің роторлы экскаватор машинисі Михаил Федоров.

«ЕЭК» АҚ бірінші вице-президенті Марат Бұғыбаевтың айтуынша, көмірдің 550 млн тоннасын өндіруге кәсіпорынның барлық бөлімшелерінің жоғары тиімді жұмысы, кеншілердің кәсібилігі және де компанияның дамуына жұмсалған қомақты инвестициялар арқылы қол жеткізілді.

– Осы жылы көмірді елеу арқылы алынатын фракциялау жобасына кірістік. Болашақта фракциясы 10-100 мм өнімді өндіруге жағдай жасалады. Ондағы бос жыныстар қосылыстарының пайыздық қатынасы басқа фракция көмірінен төменірек болады, яғни күл қалдығы да төмендейді.  Компаниямыздың өндірістік табыстары – ұжымның сіңірген еңбегі. Сіздердің арқаларыңызда «Шығыс» кеніші бүкіл Қазақстанның көмір өндірісінің көшбасшысы болды, – деді Марат Асхатұлы.

Салтанатты жиын барысында  еңбегімен ерекше көзге түскен 16 қызметкер марапатталды. Оның ішінде «Көмір өндірісінің құрметті қызметкері», «Кенші даңқы», «Еңбек даңқы» белгілері, қала әкімінің құрмет қағазы,  «Екібастұз қаласына сіңірген еңбегі үшін» және «ERG Еңбек қайраты» белгісі, ERG алғыс хаттары бар.

pavlodarnews.kz