Бүгін Павлодар қалалық саябағында эстафета белгісін қарсы алуға арналған салтанатты шара ұйымдастырылып, оған Шекара қызметінің сарбаздары мен осы саланың ардагерлері қатысты. Павлодар қаласындағы 2033 әскери бөлімінің командирі, подполковник Манар Дауылбаевтың сөзінше, эстафета белгісін павлодарлық шекарашылар кеше Шығыс Қазақстан облысы Бесқарағай ауданы шекара жасағынан қабылдап алған.

- Қазақстан Республикасы Ұлттық қауіпсіздік комитеті Шекара қызметінің 25 жылдық мерейтойына арналған эстафета  19 мамыр күні Алматы қаласындағы 28-Панфиловшылар паркіннен бастау алып, еліміздің барлық өңірлерін аралап келеді. Үш ай ішінде 15 мың шақырымнан артық жол жүріп,  18-тамыз, яғни Қазақстан Республикасының шекарашылар күні Астанада аяқталады. Бұл Шекара қызметі басшылығының тапсырмасы бойынша қолға алынған патриоттық жоба. Мақсаты – жастарды ел-жерін қорғауға тәрбиелеп, шекарашылардың абырой беделін көтеру және олардың қиын да күрделі қызметі туралы айту. Эстафета барған жерлердің барлығына түрлі патриоттық шаралар ұйымдастырылады, - дейді Манар Дауылбаев.

ҚР Ұлттық қауіпсіздік комитеті Шекара қызметінің эстафета белгісін Павлодардан кейін 21-маусым күні Солтүстік Қазақстан облысының өкілдері қабылдап алады. Оған дейін Шарбақты, Успен, Железин, Ертіс аудандарында түрлі іс-шаралар ұйымдастырылмақ.

Тілеуберді Сахаба

Сурет pavon.kz сайтынан алынды

pavlodarnews.kz