Бұл турлы облыс әкімдігінде өткен жиын барысында экономика және бюджеттік жоспарлау басқармасының басшысы Мақсат Тұрлыбаев мәлім етті.

- ҚР ҰЭМ статистика бойынша комитеттің мәліметтеріне сүйенсек, өңірдің қысқа мерзімді экономикалық индикаторы 2017 жылдың қаңтар-мамыр айларында 105,9%-ды (2016 жылы – 93,80) құраған. Экономиканың қарқынды дамуына өнеркәсіп, ауыл шаруашылығы, құрылыс, сауда және көлік салалары әсер еткен. Нақтырақ тоқталып өтсек, өнеркәсіп саласында барлық көрсеткіш бойынша оң динамика сақталған. Өндіріс көлемі - 724,1 млрд теңге, физикалық индекс көлемі - 106,2% (2016 жылы – 98 пайыз). Жарты жылдықтың қорытындысы бойынша да үшінші позицияны сақтап қаламыз деп ойлаймын. Тау-кен өндірісі секторында тас көмірі мен лигнит өндіру 1,5 есеге артқан. Мәселен, кокс пен мұнай өңдеу 121,9%-ға, химиялық өндіріс 116,2%-ға, металлургия 105,0%-ға, машина жасау – 2,2 есеге артқан.

Ведомство басшысының айтуынша, бейметалл минералық өнімдер бойынша көрсеткіштің азайғаны байқалады. Оның басты себебі - кірпіш пен бетон өнімдерін шығару көлемінің төмендеуінде. Электрмен қамтамасыз ету, газ беру бойынша физикалық индекс көлемі 105,0%-ды құрап, өңірдегі электр станциялары 16,8 млрд. кВт/сағ. электр энергиясын өндірген. Бұл көрсеткіш 2016 жылғы қаңтар-мамыр айларымен салыстырғанда 17,8%-ға артық. 

Қалалар мен аудандар арасында өнеркәсіп өнімі бойынша Май (69 есе), Ақтоғай (1,9), Баянауыл (1,8 есе), Качир (1,5 есе) және Екібастұз (1,8 есе) үздік бестікке кірген. Инвестицияның 100 пайыздан төмендеуі  Ақсу, Екібастұз қалалары мен Качир, Павлодар аудандарында байқалады.

Индустриаландыру картасы аясында 2017 жылы жалпы құны 271,0 млрд теңгені құрайтын сегіз жобаны жүзеге асыру жоспарланған. Биыл бес айдың ішінде құны 6,6 млрд теңге үш жоба қолданысқа енгізілген. Бұл – Екібастұз ет өңдеу зауыты, «Галицкое» ЖШС, Euro oil Kazakhstan.

- Инвестиция тарту бойынша қалалар мен аудандарда әкімдердің жұмысы дұрыс жолға қойылмаған. Қайта өңдеу бойынша ұн тарту, макарон өндіру, ет өңдеу кәсіпорындары жұмыс істемейді. Инвесторларды елді мекендерге тартып, кәсіпкерлерді мемлекеттік бағдарламаларға қатысуын үйрету керек. Қаншама аудандарда жер телімдері игерілмей, ғимараттар бос жатыр, - деді Болат Бақауов.

Ақбота Сейсенбаева

Суретті түсірген - Валерий Бугаев

pavlodarnews.kz