Ұлттық ұлан офицерлерін дайындайтын еліміздегі оқу орындары мен жас курсанттарға қандай жағдай қарастырылғаны туралы ҚР Ұлттық ұланы "Шығыс" өңірлік қолбасшылығы баспасөз қызметінің бастығы Бағдат Амангелді айтып берді.

- Әскери бөлімдерінде мамыр айында бастау алған «Офицер-батырлық мамандығы» акциясы өз мәресіне жетті, - дейді  Бағдат Амангелді. -  Павлодар горнизонындағы екі бірдей әскери бөлімнің офицерлері қаладағы орта білім беру мекемелерінде «Батырлық сабақтарын» жүргізді. Мұндағы басты мақсатымыз - мектеп қабырғасынан түлегелі отырған болашақ студенттердің әскери қызметке деген қызығушылықтарын ояту. Өздеріңіз білесіздер, Петропавл қаласында Қазақстан Республикасы Ұлттық ұланының әскери институты бар. Онда Ұлттық ұланның болашақ офицерлерін даярлайды. Біз түлектермен кездесу барысында болашақ мамандықтары туралы сауалнама жүргізген едік. Бір қызығы, көбі әлі де заңгер, қаржыгер сынды мамандықтарын таңдайды. Ал, әскери институт жайлы көбі біле бермейді.

Баспасөз қызметі бастығының айтуынша, Ұлттық ұлан әскери институтында білім беру толықтай мемлекет тарапынан  төленеді. Яғни, онда оқу тегін. Тек оқуы ғана емес, жатататын орны, тамағы, киімі түгелдей мемлекет тарапынан қаржыландырлады. Сонымен қатар онда білім алатын әр курсантқа шәкіртақы тағайындалған. Тағы бір айта кететін тұсы, курсант демалысқа шығарда оған 15 мың теңгеден 30 мың теңгеге дейін өтемақы төленеді.

 Әскери институтта тактикалық басшылық, тәрбие және әлеуметтік – құқықтық жұмыстарға тактикалық басшылық, ұлттық ұланға автомобильдік қамтамасыз ету, әскерді ракета-артиллериялық қамтамасыз ету, байланыс әскеріне тактикалық басшылық мамандықтары бойынша офицерлерді дайындайды. Оқу мерзімі - 4 жыл. Интитутты тәмәмдаған курсанттар бірден «лейтенант» әскери шенін алып шығады.

- Ұлттық ұлан әскери интитутын тәмәмдаған әр жас офицер еліміздегі өңірлік қолбасшылықтарға қарасты әскери бөлімдерге өз мамандықтары бойынша қызметке жіберіледі. Яғни, ешбір түлек жұмыссыз қалмайды. Бүгінгі елдің жастары мамандық деген тек қаржыгер, заңгерлік саласымен ғана шектеліп қалмайтынын түсіну керек. Офицер боламын деген әр жас ең әуелі елінің тыныштығы мен мемлекетінің қауіпсіздігі жолында қызмет ететін жауапты әрі маңызды мамандықты таңдағанын білуі керек, - дейді Бағдат Амангелді.

 

pavlodarnews.kz