Еске сала кетейік, алтыншы турда қос команда жолыққанда «Ертіс» өз алаңында қарсыластарын 5:2 есебімен тізе бүктірген болатын.

Бұл жолы тараздықтар бірден шабуылға бет алып, 13-минутта есеп ашты. Жас шабуылшы Еркебұлан Сейдахмет «Мамырдың үздік ойыншысы» атанған қорғаушы Александр Кислицинды алдап орталықтағы командаласына пас шығарды. Допқа бірінші жеткен Бақтиер Зайнутдинов мергендік танытып, гол соқты.

Бұдан кейін 24-минутта шабуылдың бетін қайтарған алаң иелері допты орталыққа қарай шығарды. Ала доптың қасынан табылған небәрі 17 жастағы Еркебұлан Сейдахмет тәжірибелі ойыншы Марио Маслачты «балаша» алдап өтіп, үш қорғаушыны артта қалдырды. Давид Лориямен бетпе-бет шыққан жас бөрі айып алаңына кірместен соққы жасап, өзінің Қазақстан Премьер-Лигасындағы алғашқы голын салды. Есеп 2:0-ге жетті.

Матч соңына дейін есеп өзгерген жоқ.

Павлодарлықтар жеңілгенімен 28 ұпаймен төртінші орынын сақтап қалды. Үздік үштіктің командасынан Димитар Димитровтың шәкірттері жеті ұпайға қалып келеді.

Айта кетейік, трансферлік терезе кезінде «Ертіс» сапына қазақстандық қорғаушы Дамир Даутов, сербиялық қорғаушы Марио Маслач пен молдовалық Игорь Бугаев келіп қосылды. Есесіне, қос бірдей орталық қорғаушылар Лаша Двали, Евгений Ткачук пен шабуылшы Серж Бандомен келісімшартын үзді.

«Таразға» қарсы ойында жаңа футболшылардың барлығы бас бапкердің шешімімен бірінші минуттан бастап өнер көрсетті.

- Бұл біздің команданың биылғы маусымдағы ең нашар ойындарының бірі, - деп қысқа ғана пікірін білдірді «Ертіс» ФК-ның бас бапкері Димитар Димитров.

Келесі матч 24-мамыр күні Павлодар қаласында қызылордалық «Қайсарға» қарсы өтеді.

Абзал Қабдраш
Сурет «Ертіс» ФК-ның баспасөз қызметінен алынды

pavlodarnews.kz