Қабдуахит  Шотаев 1920 жылы  Баянауыл ауылында дүниеге  келген.  Əкесі  Шотай Нұртазин мен  анасы Жамал Нұртазина қарапайым отбасы  болған. Ұлы  Отан  соғысы  басталғанда əкесі Шотай  да (1897 жылы  туған) майданға  аттанған. «Боздақтар»  кітабында  (І  том) көрсетілген  деректер  бойынша  Шотай Нұртазин 1942 жылдың 26 тамызында майданда қаза тауып, Калуга облысы Думиничи ауданы Коши ауылында жерленген.

Қабдуахит Шотаев еңбек жолын 13 жасында бастап, 1937 жылға  дейін  Қаражар колхозында  колхозшы,  одан  кейін 1940 жылға  дейін  Баянауыл  ауданындағы  Үлгі машина-трактор станциясында тракторшы болып жұмыс істеген.

-    Атамыз 1940 жылдың  қыркүйегінде Баянауыл аудандық əскери комитеті арқылы Қызыл əскер қатарына шақырылған, - дейді майдангердің немересі Бауырбек Шотаев. – Соғыс басталғаннан 1942 жылдың  қаңтарына  дейін 126 Қызыл  тулы  мотоатқыштар  полкінің  құрамында, 1942 жылдың  мамырына  дейін атқыштар  бригадасының 140-шы  бөлімшесінде атқыш, 1945 жылдың  сəуіріне  дейін 115-ші Қызыл тулы полкінде бөлімше командирі, 1946 жылдың мамырына дейін 612-ші атқыштар полкінде взвод командирінің көмекшісі болды. 1945-1946 жылдары Жапониямен соғысқа да қатысқан. Аға сержант атанған атамыз 1946 жылдың маусымында елге оралған.

Қабдуахит Шотаев елге оралған соң 1946 жылдан 1949 жылға дейін 18 партконференция колхозында партия ұйымының хатшысы, одан кейін 1950 жылы Сталин колхозында ферма меңгерушісі қызметтерін атқарған. «Майқайыңалтын»  комбинатына  қарасты  Жосалы руднигінде слесарь-шебер, Баянауыл машина-трактор станциясында, жаңадан  құрылған  Баянауыл совхозында трактор бригадасының бригадирі, Баянауыл совхозының бөлімшесінде, Жайма  совхозының  №3  бөлімшесінде  бөлімше  меңгерушісі  болып еңбек еткен.

1972 жылы Баянауыл ауданының Қаражар ауылына көшіп келіп, трактор бригадасының бригадирі  ретінде зейнеткерлікке шыққанға дейін жұмыс істеген. Әртүрлі басшылық,  меңгерушілік қызметтерге тағайындалып, көптеген қызметтер атқарған жəне Баянауыл ауданының дамуына үлес қосқан батыр Қаражар ауылында жерленген.

-    Атамыздың 100 жылдығы Ұлы Жеңістің 75 жылдығымен тұспа-тұс келіп отыр, - дейді Бауырбек Шотаев. – Жыл сайын 9 мамырда ұрпақтары жиналып, атамыздың зиратына барып, құран бағыштайтынбыз. Биыл карантиннен кейін үлкен ас беру жоспарымызда бар. Атамды көргендерден естуімше, ол ел үшін еңбек еткен адам. Еңбекқор, парасатты, адамгершілігі мол болған деседі. Біз атамызды мақтан тұтамыз! Биылғы мерейтойына орай ауданда атамыздың атына бір көше берсе дейміз. 

Қабдуахит Шотаев 1981 жылдың 15 қазанында 61 жасында дүниеден өткен. Еңбек еткен жылдары бірнеше  рет  аудандық  партия  комитетіне жəне  Баянауыл  аудандық еңбекшілер депутаттары селолық Советіне депутат болып сайланған. 1961 жылы 27 кыркүйекте Алматыда өткен коммунистік партияның XI республикалық съезіне делегат болып барған. 1943 жылы «ІІ дəрежелі Ұлы Отан соғысы» орденімен, «ІІІ дəрежелі Даңқ», «Ерлігі үшін» ордендерімен 2 рет марапатталған.

1946  жылғы 7 наурыздағы  СССР  Жоғары  Кеңесінің  Президиумы  жарлығымен «1941-1945 жылдардағы Ұлы Отан соғысында Германияны жеңгені үшін» медалімен, 1946 жылдың 1 мамырында «Кенигсбергті  алғаны  үшін», «Жапонияны  жеңгені  үшін» медалдерімен  жəне  тағы басқа белгілерге ие болған.

1957 жылы  «Тың  жерлерді игергені үшін» медалін, 1980 жылы көп жылдық адал еңбегі үшін «Еңбек ардагері» медалін алған.

Қабдуахит ата  мен  зайыбы Сағида  апа  Баянауыл  ауданының  Қаражар  ауылында тұрды.  Үлгілі  отбасы  атанып, 8 баланы  өсіріп,  жеткізген. 34 жыл  бойы  жарасып  өмір сүрген. 8 баласынан тараған 13 немере, 8 шөбересі бар.

pavlodarnews.kz

Тэги: ҰлыЖеңіс75жыл