Бұл туралы онлайн баспасөз конференциясында облыстық тауарлар мен көрсетілетін қызметтердің сапасы мен қауіпсіздігін бақылау департаментінің басшысы Зәмзагүл Досжанова мәлім етті.

- Медициналық мекемелер  экспресс-тестілерді  мемлекеттік сатып алу арқылы сатып ала алады, - дейді Зәмзагүл Досжанова. – Сондай-ақ Димитров көшесінде орналасқан ұлттық сараптама орталығында ақылы тест өткізіледі. 81 полимеразды тізбекті реакция тесті 4 мыңнан астам тест алуға мүмкіндік береді. Экспресс тест саны - 266.

Департамент ұсынған мәліметке сүйенсек, эпидемиологиялық тексеру нәтижесі бойынша КВИ жұқтырған адамдармен байланыста болған  6998  адам анықталған. Оның ішінде 1555-і жақын байланыста, 5443-і потенциалды байланыста болған. 

Аурудың алдың алу мақсатында 29243 адам зерттеумен қамтылды: 28109 адамнан ПТР әдісі және 1134 адамнан экспресс-тест алынды.

Өңірде коронавирус жұқтырғандардың саны 167 адамға жеткен. Оның ішінде Павлодар қаласында – 60, Екібастұзда – 106 және Ақсуда – 1 жағдай. Байланыста болғандар саны - 132. Басқа жақтан келген немесе инфекция әкелгендер – 7, қалғандары – жергілікті оқиғалар, яғни медициналық көмек алуға тым кеш жүгінген. Бұл адамдар өздігінен емделумен айналысқан және ауруханаға жатудан қорыққан.

Бүгінде 39 адам стационарда ем қабылдауда және олардың жағдайы тұрақты деп бағалануда. 125 адам   емханадан  шығарылған. Екі адам өкпені қолдан желдету аппаратына қосылған.

- Шектеу шараларын толық алып тастауға әлі ерте, - дейді Зәмзагүл Досжанова. - Себебі, Павлодар және Екібастұз қалаларында КВИ деректері тіркелуде. Әсіресе Екібастұз қаласында жағдай тұрақты емес. Ауру көрсеткішінің 63,6 пайызы Екібастұз қаласына тиесілі. Жалпы көрсеткіш 106 пайызды құрады. Өткен аптада сырқаттану деңгейі Екібастұз қаласы бойынша 11 пайызды құраса, осы аптаның басында 1 пайызға төмендеді.

Ақбота Сейсенбаева

Фото: ӨКҚ

pavlodarnews.kz

Тэги: Павлодар облысы, қоғам, коронавирус, экспресс-тест