Бұл туралы құқық бұзушылықтың алдын алу жөніндегі облыстық ведомствоаралық комиссия отырысында облыстық полиция департаментінің басшысы Нұрлан Мәсімов мәлім етті.
 
- Өңірімізде жарияланған карантин полиция жұмысына өзгерістер енгізді, - деді Нұрлан Мәсімов. – 4 айдың ішінде облыста жасалған қылмыстық істер 2643-тен 2071-ге дейін, яғни 21,6 пайызға қысқарды. Қылмысты ашу 86,2 пайызды құрады. Бұл көрсеткішпен біздің облыс республика бойынша бірінші орында. Қоғамдық орындардағы қылмыс 707-ден 428-ге дейін, яғни 39 пайызға қысқарды. Алайда, карантинге байланысты отбасылық-тұрмыстық қылмыстар 9-дан 27-ге дейін яғни 42,1 пайызға артқан.  Сондай-ақ қасақана өлтіру қылмысы 16-дан 26-ға дейін яғни 62 пайызға өсіп отыр. Ауыр дене жарақатын салу 18,6 пайызға артты. Отбасылық қылмыстар да өсті. Бұның бәрі адамдардың көп уақыт үйде отыруынан және алкоголь пайдалануынан туындауда. Тұрғындардың психологиясына әсер етіп, төбелес шығып, салдары ауыр жарақат пен өлімге әкелуде.
 
Нұрлан Мәсімов карантинге байланысты көңіл көтеру орындарының жұмысы сағат 22:00-ге дейін, азық-түлік дүкендерінің жұмысы 21:00-ге дейін шектелген кезде мас күйде және көшеде жасалатын қылмыстар азайғанын атап өтті. Сондықтан бұдан әрі көңіл көтеру орындарының жұмысын сағат 23:00-ге дейін шектеуді ұсынды.

Павлодар облысының прокуроры Қайрат Әбдіханов қылмысты ашу көрсеткіші өскеніне қарамастан полиция жұмысында кемшіліктер бар екенін айтты.

- Өңірде бұрын сотталған, есепте тұрған азаматтармен де қылмыс жасалуда, - деді Қайрат Әбдіханов. – Бұл салада көп профилактикалық жұмыс жасау керек. Сондай-ақ кез келген қылмыста екінің бірі алкоголь қолданған адамдармен жасалған. Бұл жерде алкогольдің заңды сатылуын, қай уақытта, қандай орындарда сатылып жатқанын бақылау керек. Алаяқтық ісі де өршіп тұр. Интернет арқылы түрлі бағдарламамен алаяқтар алдап кетуде. Адамдарға ақшаны бірден аударуға болмайтынын ескерту керек. Қарапайым адамдарға біз айтып жатқан пайыздар мен көрсеткіштер маңызды емес. Оларға қауіпсіздігі маңызды. Сондықтан барлық шараларды күшейту керек.

Облыс әкімі Әбілқайыр Сқақов құқық қорғау органдары мен атқарушы билік тарапынан қылмыстың алдын алу шаралары егжей-тегжейлі қаралу керектігін атап өтті.

- Қылмыстық істердің көбі бұрын сотталмаған, есепте тұрмаған адамдармен жасалғаны профилактикалық шаралардың аздығын көрсетеді, - деді Әбілқайыр Сқақов. – Атқарушы билік пен құзырлы органдар тарапынан бұл салада жұмыстар жеткілікті болмай жатқандығын байқатты. Қылмысты алдын алу бойынша шараларды қайта қарау қажет.

Оразбек Саяхат
Фото: Валерий Бугаев

pavlodarnews.kz

Тэги: Павлодар облысы, қылмыс, ПД