Бұл туралы құқық бұзушылықтың алдын алу жөніндегі облыстық ведомствоаралық комиссия отырысында белгілі болды.

Жыл басынан бері өңірде кәмелеттік жасқа толмағандарға қатысты 47 қылмыс анықталған. Оның ішінде балалардың жыныстық қол сұқпаушылығына қарсы 31 факт тіркелген.
 
-    Кәмелетке толмағандарға қатысты, оның ішінде балалардың жыныстық қол сұқпаушылығына қарсы қылмыстардың басым бөлігі отбасында жасалатындықтан білім беру ұйымдарында қолайсыз отбасыларда немесе өгей ата-аналарымен тұратын балалар туралы ақпарат бар. Қазіргі уақытта 382 қолайсыз отбасы анықталып, есепке алынды. Бұл отбасыларда 807 бала бар. Күш көрсетілетін отбасылар ерекше назарға алынады. Асырап алынған балалардың отбасыларына тұрақты түрде рейд жасалады, - деді облыстық білім беру басқармасының басшысы Дінислам Болатханұлы.

Басқарма басшысының айтуынша, қолайсыз отбасылармен жұмыс жасау үшін, әлеуметтік жетім қалушылықтың алдын алу үшін облысымызда 2 өмірлік қиын жағдайға тап болған балаларды қолдау орталығы бар. 2019 жылы өмірлік қиын жағдайда қалған 371 балаға көмек көрсетілген.

-    Отбасының қолайсыз болуы ата-аналардың алкоголь пайдалануы, мас болуы сияқты өмір сүру дағдыларынан туындайды, - дейді Дінислам Болатханұлы. – 2019 жылы бала тәрбиесінде міндетін дұрыс орындамаған 549 ата-ана жауапқа тартылды. 135 ата-ана құқығынан айырылды.

Сонымен қатар, бүгінде өңіріміздегі білім беру ұйымдарында 561 психолог пен 152 әлеуметтік педагог жұмыс жасайды.



Облыс әкімі Әбілқайыр Сқақов кәмелетке толмаған балаларға қатысты қылмыстың алдын алу шараларын күшейтуді тапсырды. Оған қоса, «педагог мәртебесі туралы» заңның қабылдануына байланысты педагогтардың балалармен жасайтын жұмыстарына енген өзгерістерді ескере отыра, атқарылатын әрекеттерді қайта қарау керектігін атап өтті.
 
-    Кәмелетке толмағандарға қатысты қылмыстың алдын алудағы олқылықтың бірі – психолог мамандардың біліктілігінің төмендігі, - деді Дінислам Болатханұлы. – Психологтардың 90 пайызы сырттай білім алған. Мектептерде балалардың сипаттамасын жасауда, мінездеме беруде қателіктерге бой алдырады. Тағы айта кетерлігі, қазір ұстаздарымыз 24 сағат оқушыларымен байланыста. Бұдан бөлек, отбасылық қолдау да маңызды. Осыны ескерген жөн.

Айта кетейік, балалардың құқығы және заңды қызығушылығы бұзылған жағдайда шұғыл әрекет ету үшін басқарма жанында «баланы қорғаудың жедел желісі» байланыс орталығы ( тел: 650060) жұмыс жасайды. Әр білім беру бөлімінде осындай сенім телефондары бар.

Оразбек Саяхат
Фото: Валерий Бугаев

pavlodarnews.kz

Тэги: