Павлодар облысы ақпарат және қоғамдық даму басқармасының мәлімдеуінше, Тарауық намазы мен Қадір түні облыс аумағында жұмыс істеп тұрған мешіттерде өткізілмейді.

Мешіттердің жұмысы қалпына келтірілуіне байланысты Қазақстанның Бас мүфтиі Наурызбай қажы Тағанұлы қазақстандықтарға арналған үндеу жолдады.

- 18 мамырдан бастап ҚМДБ-ға қарасты еліміздегі бірқатар мешіттер санитарлық талаптарды сақтай отырып ашылды. Кейбір аймақтағы мешіттер карантин жағдайына, өңірдегі індет қаупіне байланысты кейінірек ашылады. Әзірге ешбір мешітте жамағат намазы оқылмайды. Мешіттер өңірлік уақыт ерекшелігін ескере отырып, таңғы 07:00  және кешкі 20:00 аралығында жұмыс істейді. Тұрғындардың қауіпсіздігі мақсатында бұл шарт бүгінгі Қадір түнінде де сақталады. Биылғы Рамазанның қасиетті Қадір кеші мамыр айының 19-ынан 20-сына қараған түнге сәйкес келіп отыр. 19 мамырда мешіт таңғы сағат 7:00 және кешкі 20:00 аралығында жұмыс істейді. Осы ретте баршаңызды Қадір кешін өз үйлеріңізде өткізуге шақырамын. Тәртіпке бағынуды сұраймыз. Бұл – сіз бен біздің, өз отбасымыз бен ең жақын туыстарымыздың денсаулығы мен өмірінің игілігі үшін қабылданған шара, - деп атап өтті Бас мүфти.

Еске сала кетейік, діни мақсаттағы нысандар 17 мамырдан бастап жұмыс істейді. Өңірлік бас санитариялық дәрігері қаулысының 1-тармағы 4)-тармақшасына сәйкес 2020 жылғы 17 мамырдан бастап діни мақсаттағы нысандардың қызметіне рұқсат берілді. Мұндағы, мешіттер, шіркеулер, ғибадат үйлері санитариялық нормаларды сақтай отырып, 07.00-ден 20.00-ге дейін ғана жұмыс істей алады (жалпы пайдалы ауданның 30%-ын толтыру, келушілер арасында арақашықтықты сақтау мақсатында 1,5 метрден кем емес қашықтықты өлшеп белгілеу, маска кию тәртібін сақтау, желдетуді кемінде 3 рет өткізу, дезинфекциялық режимді күшейту).

Осыған байланысты карантин талаптарын сақтау үшін ғибадат үйлерінде діни жораларды өткізуге қатысты уақытша шектеулер әлі де өз күшінде сақталады.

 

 Фото: ашық көздерден

pavlodarnews.kz

Тэги: қоғам