№1 балалар мен жасөспірімдер спорт мектебінің басшысы Шәріп Қашкеновтің айтуынша, жөндеу жұмыстары 1 мамырда басталған. Жоспар бойынша 1 қыркүйекте толық аяқталуы тиіс.

- 4 ай уақыт ішінде шатыры, қасбеті жаңартылып, ішкі жөндеулер жүргізіледі, - дейді Шәріп Қашкенов. - Өрт дабылы, видеобақылау және электр сымдары жаңартылады. Дәліздерге кафель төселсе, кабинеттердегі едендер ауыстырылып, линолеум төселеді. Екі кабинет және медициналық кабинет сылауға дайын тұр. Бүгінгі күні тағы екі кабинет және қабылдау бөлмесі дайындалуда. Жөндеу жұмыстарына 10-нан астам адам жұмылдырылған.

Іргетасы 1986 жылы салынған аталмыш мекеменің ауданы 1400 шаршы метрді құрайды.

Мектеп басшысының айтуынша, осы уақытқа дейін тек жылу бойынша жөндеу жұмыстары жүргізілген.

Бұл жолы жөндеу жұмыстарымен «Табыс – Стройсервис» ЖШС мердігер ұйымы айналысуда.

Мектепте 24 жаттықтырушы жұмыс істейді. Шахмат, дойбы және тоғызқұмалақтан 740 бала айналысады. Сондай-ақ «Садақ ату» курсында оқитын 80 бала «Батыр» клубында жаттығады.

- Сонымен қатар, мектепте барлық қалалық және облыстық жарыстар өтеді, - дейді Шәріп Қашкенов. - Жарыстар мүмкіндігі шектеулі балалар арасында да тұрақты түрде өткізіледі. Сондай-ақ өңірдің алюминий, электролиз сияқты зауыттары жарыстар өткізіп тұрады. Республикалық жарыстардан басқа, басты назар аударатын жарыс - Павлодар Open. Оған шамамен бес мемлекеттен қатысушылар келеді. Бұл - Павлодар қаласы үшін өте маңызды турнир.

Айгүл Жүсіпова 

Фото: Роза Мұстафина 

pavlodarnews.kz

Тэги: