Бұл туралы 24.kz хабарлайды.

Инфрақұрылымдық жобаларға еңбекпен қамту орталығында есепте тұрғандар алынады

Мемлекеттік бағдарлама бойынша 1 млн адам жұмысқа орналасады. Алдағы 2 жылға жасалған жоспар осындай. Үкімет бекіткен кешенді бағдарламада мұның бәрі жан-жақты айтылған.

Күрделі кезеңде халық жұмыстан айырылып, табыссыз қалмауы керек. Үкімет алдымен осы мәселеге мән беріп жатыр. Тек «Жұмыспен қамтудың жол картасы» бағдарламасы арқылы 255 мың адамды еңбекке тартпақ. 4 бағыт бойынша 6,5 мың инфрақұрылымдық жоба іске асады. Қазір 13 мың адам жұмысқа тұрып үлгерді. Жұмыс берушіге қойылатын талап – жалақы 85 мың теңгеден аз болмауы тиіс.

Біржан Нұрымбетов, ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі:

- Мемлекеттік «Еңбек» бағдарламасына 4 айдың өзінде 157 мың адам қатысушы болып тіркелген болатын. Оның 118 мың адамға жұмыс табылды. 58 мың тұрақты жұмыс орны болып отыр. Бұл жұмыстар ары қарай жалғасады.

Біржан Нұрымбетов, ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі:

- Кешенді жоспарда жұмыссыз ретінде тіркелу тәртібін, тәсілдерін жеңілдету, және де ахуал өзгеріп жатқан жағдайда еңбекпен қатынастарын реттеу, ішкі еңбек нарығын қорғау, «Еңбек» бағдарламасын жетілдіру, тетіктерін енгізу туралы ұсыныстар көзделген.

Жұмысы мен баспанасы бардың болашаққа сенімі де бар. Мемлекет басшысының тапсырмасымен табысы аз жандарға жеңілдікпен пәтер берілетін болды. «5-10-20» пилоттық жобасын іске қосу үшін «Нұрлы жер» бағдарламасына өзгеріс енгізіледі. Әлеуметтік жобаға баспанаға мұқтаждар қатысады. Елімізде 600 мыңға жуық адам кезекте тұр.

Бейбіт Атамқұлов, ҚР Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрі:

- Әр мүшесіне 31 200 теңгеден келетін отбасы арендалық баспана алады. Күнкөріс деңгейінің екі есе көлемі отбасының әр мүшесіне 62,4 мың теңгеден келсе, олар «2-10-20» бағдарламасына қатыса алады. 96 700 теңге табысы бар азаматтар «5-10-20» бағдарламасымен баспана алуына болады.

«Жұмыспен қамтудың жол картасы» бағдарламасын іске асыруға 1 трлн теңге бөлінеді. Ал, «5-10-20» пилоттық жобасына 390 млрд теңге қарастырылған. Бұл – Мемлекет басшысының тапсырмасы.

pavlodarnews.kz

Тэги: