Бұл туралы облыстық ТЖД баспасөз қызметі мәлім етті.

- Сағат 18:37-де департаменттің бірыңғай диспетчерлік қызметінің байланыс пультіне Павлодар қаласында Ломов көшесі, 176/10 мекенжайындағы кәсіпорында өрт шыққаны туралы хабарлама келіп түсті. «Железобетон» ЖШС аумағында «Алтай 1200 Проф» таспалы ағаш кесу аппаратының резеңке-техникалық бөліктері мен жалпы ауданы 4 шаршы метр тақтайлар жанған, - дейді департаментте.

Өрттің туындауына кәсіпорын қызметкерлерінің жұмыс орнында темекі шегуі себеп болған. №3 өрт сөндіру бөлімінің қызметкерлері жалынды сағат 18:45-те оқшаулап, 4 минуттан кейін толығымен сөндірді.

Сондай-ақ Успен ауданының Ольгино ауылында сағат 16:10-да өрт туралы хабарлама тіркелді.

- Оқиға орнына келген №17 өрт сөндіру бекетінің қызметкерлері 250 шаршы метр аумақтағы газ блоктан салынған қораның ағаш құрамалары және 50 метр дуал жанып жатқанын анықтады. Өрт сөндірушілердің жедел әрекеттерінің арқасында сағат 17:41-де оқшауланып, сағат 18:50-де толықтай сөндірілді, - дейді баспасөз қызметінде.

Тілсіз жау электр сымдарының қысқа тұйықталуынан пайда болған. Оқиға орнында №17 өрт сөндіру бекетінің 5 қызметкері және Ольгино ауылының ерікті өрт сөндіру жасағының 12 мүшесі жұмыс істеді.

Сонымен қатар, 19 мамыр күні облыс аумағында 11 жану оқиғасы мен 1 өртену туралы жалған хабарлама түсті. Екібастұз қаласында Беркінбаев көшесіндегі үйдің кіреберісінен қалың түтін көрген адамдар «101» пультіне қоңырау шалған.

Өрт сөндірушілер жеткен кезде подъезде масаларды улау жұмыстары жүргізіліп жатқанын анықтаған.

Фото: облыстық ТЖД

pavlodarnews.kz

Тэги: Павлодар облысы, өрт, ТЖД