Бұл туралы облыстық әкімдікте өткен аппарат кеңесінде ауыл шаруашылығы басқармасының басшысы Марат Апсалықов мәлім етті.

- 2017 жылы Железин ауданы прокуратурасының ұсынысы бойынша 37 мал қорымы жабылды, - дейді Марат Апсалықов. - Қазіргі таңда үш типтік мал қорымы ғана жұмыс істейді. Мал қорымдарын ұстауға жергілікті бюджеттен 2020 жылы - 27,2 млн теңге, 2019 жылы 17,3 млн теңге бөлінді. Облыстың эпизоотиялық салауаттылығын сақтау үшін орталық елді мекендерде мал қорымдарын, яғни Беккер шұңқырларын кезең-кезеңімен салу қажеттілігі туындайды. Себебі, аурудың таралу қаупі көздерінің бірі – өлген жануарлардың өлекселері. Бір мал қорымын салудың құны - шамамен 15 млн теңге.

Железин ауданының әкімі Қанат Қашкиров Михайловка, Қазақстан, Веселая Роща ауылдарында 21,5 млн теңгеге үш мал қорымын салуға жобалық-сметалық құжаттама жасалғанымен, оларды салуға бюджеттік қаражат жетіспейтінін жеткізді.

- Шекаралық өзара іс-қимыл тұрғысынан бұл осал аудан және мұндай көзқарас дұрыс емес, - деді облыс әкімі Әбілқайыр Сқақов. - Бұл жерде мәселе үлкен ақшаға келіп тірелмейді, тек оны шешу жолына дұрыс көңіл бөлінбеген.

Осыған ұқсас жағдай Ресеймен шекаралас Шарбақты ауданында анықталған. Аудандағы 29 мал қорымының 28-і - ескі.

Сондай-ақ басқарма басшысы барлық ветеринариялық-профилактикалық іс-шараларды тиімді және уақтылы орындау үшін орталық ауылдық округтерде қоршаулар мен вагондары бар қора орнату нұсқасын балама ретінде қарастыруды ұсынды. Облыс бойынша қажеттілік 106 пунктті құрайды.

Облыс әкімі Әбілқайыр Сқақов аудан әкімдіктері мен облыстың басқа да ведомстволарына жоспар жобасын нақты іс-шаралармен толықтыруды және 2020-25 жылдарға арналған облыстың ветеринариясын дамыту жөніндегі іс-шаралар жоспарын әзірлеуді тапсырды.

Ақбота Сейсенбаева

Фото: Валерий Бугаев

 

pavlodarnews.kz

Тэги: Павлодар облысы, мал қорымы, ауыл шаруашылығы