Өз кәсібін дамыту үшін отбасы жеке қаражатына шығыс тағамдарын дайындайтын асхана ашқан.

- Бұл аймақта шығыс тағамдарын көп біле бермейтін болып шықты, - дейді Сарқыт Жұмабек. – 10 шақты ерекше ас ұсынамыз. Оның ішінде дапанджи - төре табақ тауық еті, сиыр және қойдың қарнынан дайындалатын тағамдар бар. Сондай-ақ еуропалық тағамдар да әзірлейміз. Біздің басты мақсат – тұтынушыларға адал ас ұсыну. Негізгі мамандығым – дәнекерлеуші. Қытайдың үлкен компанияларында жұмыс істегенмін. Кейін елге оралып, өзіміздің отбасылық бизнесті ашуға бел байладық. Жұбайым Сайраның мамандығы – аспаз. Сондықтан бұл істің қыр-сырын жақсы меңгерген. «Бизнес бастау» жобасы бойынша курсқа қатысып, грант алды.

Ерлі-зайыптылар санитарлық талаптардың қатаң сақталуына ерекше көңіл бөледі. Сондай-ақ малды тірідей сатып алып, шариғат әдебіне сай өздері сояды.

Бір қыз  және бір ұл бала тәрбиелеп отырған отбасы әзірге баспана жалдап келеді. Келесі жылы 200-300 орындық тойхана ашуды жоспарлап отыр.

Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің ақпаратына сүйенсек, 2020 жылы елімізде қоныс аударушыларды қабылдаудың өңірлік квотасы 6 379 адам (1 878 отбасы) мөлшерінде белгіленген.

Мемлекеттік бағдарлама шеңберінде ерікті қоныс аударуға қатысушылар үшін субсидия түрінде мемлекеттік қолдау шаралары ұсынылады.

А. Бекжанқызы

 

pavlodarnews.kz

Тэги: қоғам