Бұл туралы қалалық ТҮКШ бөлімі көгалдандыру және жасылдандыру секторының бас маманы Арман Құсайынов мәлім етті.

- Қаламыздағы ағаштарды суару жұмысы таңғы сағат 6:00-ден бастап, күн батқанға дейін жалғасады, - дейді Арман Құсайынов. – 6 суару машинасы жұмылдырылған. Соңғы 5 жыл ішінде отырғызылған жас ағаштар суарылады. Бейімделе алмай жатқан ағаштар тұрақты суарылып, бақылауға алынады. Жалпы, биыл қаламыздағы шөптерді шабу, жапырақтарды қырқу, ағаштарды суару сияқты жасыл өсінділерді күту жұмыстарына 70 миллион теңгеге жуық қаржы бөлінді.

6 суару машинасы шаһардағы саябақтар мен көшелердегі ағаштарды суарады. Сондай-ақ қаладағы 25 саябақта ағаштарды өздігінен суару жүйесі бар.

Павлодар қаласында жыл сайын 1 мыңнан астам ағаш отырғызылады. Өткен жылы 1,5 мың жас ағаш егілген.

Арман Құсайыновтың айтуынша, шаһардағы гүлдер де күніне 2 рет суарылады.

- Гүлдер таңертең сағат 6-10 аралығында, кешке 18-22:00 аралығында суарылады, - деді Арман Құсайынов. – Суару жұмысына 8-9 техника жұмылдырылған. Биыл қаламызда 62 бөлікте жалпы аумағы 15 мың шаршы метр гүл отырғызылған. Гүлдердің күтіміне 100 миллион теңгеге жуық қаржы бөлінді.

Айта кетейік, ағаштарды суару 10 сәуірде басталған.

Оразбек Саяхат
Фото: автор

pavlodarnews.kz

Тэги: Павлодар, ағаш суару, гүл, ТҮКШ