Бұл туралы С.Торайғыров атындағы облыстық кітапхананың қоғаммен байланыс менеджері Алпысбай Хонж мәлім етті.

- Кез келген адам білім алуға, кітап оқуға құқылы. Облыстық кітапхананың жанынан құрылған «Жанашыр» орталығы мүмкіндігі шектеулі жандарға арнап көптеген жұмыстар жасауда. Бүгінге дейін бірнеше кітап нүктелі қаріпке, яғни Брайль әліпбиіне көшірілген. Рельфті-нүктелік алфавитпен жазылған кітаптардың арасында Сұлтанмахмұт Торайғыровтың «Туған еліме» поэтикалық жинағы, «Қамар сұлу» романы бар, - деді Алпысбай Хонж.

Брайль қарпіне көшірілген кітаптардың жанры да сан алуан. Мысалы белгілі қаламгер Ғалымбек Жұматов пен композитор Назымбек Дүкенбайдың «Астанам – әсем асқақ ән» ән жинағы да ерекше форматқа ауыстырылған. Сонымен қатар, «Зимняя птица - синица на повладарской сосне» атты жергілікті ақын Ольга Григорьеваның өлеңдер жинағын да мүмкіндігі шектеулі адамдардың оқуына болады.

- Зағип жандарға арналған «Қостіл – қосқанат» атты кітап та ерекше оқырмандар үшін таптырмас оқулық болып саналады. Бұл жинақта Сүлеймен Баязитов, Ольга Григорьева, Талғат Гарипов, Елена Игнатовская секілді аудармашы қаламгерлер бір-бірінің туындыларын ықыласпен аударып, көпшілікке ұсынды, - деді Алпысбай Хонж.

Кітапхана ұжымы алдағы уақытта да көру қабілетінен айырылған жандарға арнап саусақ ұшымен оқылатын кітаптарды басып шығаруды жоспарлау үстінде. Бұл жұмыстар мүмкіндігі шектеулі жандардың білім алуына, қоршаған ортамен араласуына, бос уақытын тиімді әрі пайдалы өткізуге, өзін қоғамның қажетті мүшесі есебінде сезінуіне мол ықпал етпек.

Оразбек Саяхат

pavlodarnews.kz

Тэги: