Зауыттың атқарушы директоры Арман Алекпаров кәсіпорын өз қуаттылығының 45 пайызын ғана қолданатынын атап өтті.

- Біз 500-600 килоВатқа дейінгі пештерді өндіреміз, - дейді Арман Алекпаров. - Пештерді тапсырыс берушінің қалауына қарай жасаймыз. Бұдан бөлек, ауыл шаруашылығы техникаларының қосалқы бөлшектерін де шығарамыз. Олардың құны ресейлік өнімдерден 15 пайызға арзан. Өзіміздің даму жоспарымыз бар. Соған сай әрекет етеміз.

Зауытта 120 адам жұмыс жасайды. Кәсіпорындағы орташа жалақы 75-80 мың теңге.

Облыс әкімі қуаттылықты арттыру үшін нарықты зерттеуге кеңес берді.

- Зауыт пештері облысымызда, тіпті ел көлемінде де қолданылады, - деді Әбілқайыр Сқақов. - Пешке сұраныс бар. Алайда, бір қызығы зауыт толық қуаттылығын пайдаланбайды. Өзге елдің пештерін қолданып жатыр ма екенін білу үшін нарықты қарау керек. Дегенмен төтенше жағдай кезінде кәсіпорынның тіпті үш ауысымда жұмыс істегені қуантады. Өйткені бұл кезде жұмысы тоқтағандар бар.

Айта кетейік, «Песчан жөндеу-механикалық зауыты» жылына 60 жылыту пешін өндіреді. Жыл басынан бері 10 пеш шығарған.

Оразбек Саяхат

Фото: Валерий Бугаев

pavlodarnews.kz

Тэги: қоғам, Павлодар облысы, Тереңкөл ауданы