«Пахарь» ЖШС өкілі Олег Литвиненко жұмыс сапарымен барған облыс әкімі Әбілқайыр Сқақовты алдағы жоспарларымен таныстырды.

- Павлодар – Қазақстандағы картоптың астанасы. Бұл – шындық. Біз енді мемлекеттің қолдауымен Павлодарды Қазақстандағы жоңышқа астанасы еткіміз келеді. Оған толық мүмкіндік бар. Жоңышқаны Қытай, Сауд Арабиясы, Корея алуға дайын. Қытай ерекше қызығушылық танытып отыр. Бүгінде Қытайдағы жоңышқа тапшылығы - 2 миллион тонна. Олар одан балалар тамағын жасамақшы.

Қазіргі уақытта Қытай нарығында жоңышқаның тоннасы 400-500 доллар аралығында бағаланады. Шаруа қожалығының жоңышқаны Қытайға асыруға жеткізушілері де, құрал-жабдықтары да бар.

- Біз кәсіби түрде жоңышқа өсірумен айналысуды бастадық, - деді Олег Литвиненко. – Бірнеше жыл бұрын біздің компания алғашқылардың бірі болып Қытай нарығына жоңышқа тасымалдауға рұқсат алған болатын. Жоңышқаны өсіруге базамыз дайын, техникамыз жеткілікті. Бүгінде 2,5 мың гектарға жоңышқа өсірудеміз. Енді тағы 2,5 мың гектарға ұлғайтсақ дейміз.

Алайда, қожалықтың жоңышқаны шет елдерге тасымалдайтындай бастапқы деңгейге шығуы үшін көп мөлшердегі қаржы керек.

- Алғашқы деңгейге шығу үшін бізге 5 миллион еуроға жуық қаржы қажет. Қазір қожалығымыз гектарына 50 центнер жоңышқа алып отыр. Жоңышқа 25 күнде өсіп шығады, - дейді Олег Литвиненко.

«Пахарь» ЖШС жоңышқа өскен жерін тыңайтатынын байқаған. Шаруа қожалығындағылардың айтуынша, жоңышқа жерді азот арқылы тыңайтады. Шөптің бұл түрі өскен аумаққа картоп егіп көргенде жоғары өнімділік берген.

Оразбек Саяхат
Фото: Валерий Бугаев

pavlodarnews.kz

Тэги: