«Айтолқын» әйелдер лекторийі шеңберінде «Отбасы ұйытқысы - ене мен келін» жобасының тұсауы кесілді. Ендігі жерде енелер мен келіндер тікелей эфирде өтетін бағдарламаға қатысып, ақыл-кеңес алуына болады.

Кездесуді жүргізуші, облыстық кітапхананың қызметкері Бақытжан Бұқашеваның сөзінше, аталған тың бастама қазіргі қоғамдағы отбасы институтының дамуына зор ықпал етпек.

Алғашқы кездесу «Ене мен келін арасын көркемдейтін кеңестер» тақырыбында өтті. Онлайн сұхбаттың бірінші шығарылымына бүгінде тату-тәтті отбасының ұйытқысы болып отырған ақылшы ене, Павлодар қаласының тұрғындары Құндыз Аяшева мен оның инабатты келіні Айнұр Аяшева қатысты.

Кездесу барысында қонақтар отбасында ұстанатын салт-дәстүрлерге, әдеп-ғұрыптарға, ене мен келін арасындағы сыйластықты реттеуге арналған қағидаларға тоқталып, өз ойларымен бөлісті. Сондай-ақ тыңдармандардың сұрақтарына жауап берді.

- Мен келін болып түскен кезде енем маған көп ақыл үйретті. Енемнің менің бойыма сіңірген асыл қасиеттерін енді келініме аманат етсем деймін. Ене мен келін арасындағы татулық сіздер ойлағандай аса күрделі құбылыс емес. Береке-бірлікті сақтау үшін сабырлылық пен сыйластық болса жеткілікті, - дейді Құндыз Аяшева.

Ал жас келін ойын былайша өрбітті.

- Енем - менің жанашырым. Мейірімділік пен махаббат жүрген жерде жаманшылық болуы мүмкін емес. Тұрмыс құрған күннен бастап жолдасымның анасы маған өз қызындай қарады. Қуанышты да жұбанышты да бірге көруге дайынбыз. Әрбір отбасындағы жас келін енесімен араласарда ертең өзінің де ене болатынын үнемі есте сақтауы керек. Сол кезде ғана отбасында бәрі де жақсы болады, - дейді жас келін Айнұр Аяшева.

Шара барысында қонақтар барлық елге өздерінің ыстық ықыластарын айтып, бағдарлама соңында ене мен келін болып тамаша әуезді ән шырқап берді.

Еліміздегі сатистикалық мәліметтерге сүйенсек, жас отбасылардың ажырасуына, жас келіндердің жаңа жұртына тез үйренісе алмауына ене мен келін арасындағы түсініспеушіліктің тигізер кесірі көп. Егер күейеу жігіттің анасы келініне оң көзімен қараса, келін де ата-енеге деген сыйластықтан айырылмаса, ажырасу фактілері де күрт азаяры сөзсіз.

Қоғамда күйіп тұрған күрделі мәселенің тамырын дөп басатын аталған жаңа жоба енді облыстық кітапхананың әлеуметтік желілердегі ресми парақшаларында ай сайын тұрақты түрде өтетін болады. Кездесуге өңірге белгілі енелер мен келіндер, сондай-ақ қарапайым отбасынан шыққан азаматшалар да қатыса алады.

 

Фото: С.Торайғыров атындағы облыстық әмбебап ғылыми кітапханасы

 

pavlodarnews.kz

Тэги: қоғам