Өңір басшысы Әбілқайыр Сқақов облыстық білім беру басқармасының басшысынан өскелең ұрпақтың неліктен елге оралмауы себептерін түсіндіруді сұрады.

- Бұл - шындығында өзекті мәселе, - дейді білім беру басқармасының басшысы Дінислам Болатханұлы. – Былтыр ресейлік жоғары оқу орындарында білім алу үшін облыстан 430 адам, ал алыс шетелге 80 адам кетті. 2018 жылы олардың жалпы саны 650 адам болды. Жастар шетелге Қазақстаннан гөрі әлдеқайда сапалы әрі бәсекеге қабілетті мамандықты алу үшін барады.

Облыс әкімі азаматтардың білім алатын кез келген елді немесе оқу орнын таңдауға ерікті екендігін атай отыра, олардың елде қалып, өңірдің дамуына үлес қосуы үшін барынша жағдай жасау қажеттілігін ескертті.

- Мемлекет ұзақ жылдар бойы ресурстар жұмсап, мұғалімдер бұл іске еңбек сіңірді, - деді Әбілқайыр Сқақов. – Дегенмен, жастар шетелде қалып қояды. Сонда олардың елге қайта оралуына стимул жоқ болғаны ғой. Бұл жерде білім беру, ішкі саясат, жұмыспен қамту бағыттарындағы басқармалар арасында бірлескен жұмысты көрмей тұрмын.

Осы орайда облыстық ақпарат және қоғамдық даму басқармасы басшысының м.а. Руслан Тілеулесов өз тәжірибесімен бөлісті. Айталық, бір жарым жыл бұрын басқарма өкілдері облысқа демалысқа келген шетел оқу орындарының студенттерімен түсіндіру жұмыстарын өткізуді бастаған көрінеді.

- Жастарға өңірімізде бар бос жұмыс орындары туралы айтамыз, - дейді Руслан Тілеулесов. – Абырой болғанда, біразы оқуды аяқтаған соң елге оралады. Былтыр 500-дей адаммен осындай жұмыс өткізіп, шамамен 50 шақты жас облысқа қайта оралды.

Айбек Жұматов

Фото: ашық дереккөздерден

pavlodarnews.kz

Тэги: білім беру, Әбілқайыр Сқақов, Дінислам Болатханұлы, Руслан Тілеулесов, студент, шетел, Ресей