Жаңа бордақылау алаңы Көктөбе ауылының маңында пайда болады. «Nur Jailay» шаруа қожалығында аймақ басшысына қоралық үй-жайлар мен мал шаруашылығына арналған әкімшілік-тұрмыстық үй-жайлар құрылысына кіріскендері айтылды. Ашық түрдегі бордақылау алаңы 5 мың ірі қара мал басына есептелген. Осы жылдың соңына дейін бір бөлігі жұмыс істейтін болады. Жоба инвестициясының жалпы көлемі 900 миллион теңгені құрайды.

- «Сыбаға» бағдарламасы бойынша біз 400 миллион теңге алдық, - дейді шаруашылық басшысы Нұржан Қарманов. - Герефорд тұқымды 500 бас ірі қара мал сатып алуды жоспарлап отырмыз. Қазір карантиндік шаралардың салдарынан мал басын сатып алу мәселесі тоқтатылды. Болашақта біз малдарды жергілікті халықтан бордақылауға алуды жоспарлап отырмыз. Егер жем базасы мүмкіндік берсе, тәулігіне салмағы 1,5 келі өсімді болжап отырмыз. Қазір біз 430 гектар жерді суаруға рәсімдедік. Жүгері мен арпа өсіретін боламыз.

Облыс әкімі жем-шөп дайындаудың маңыздылығына назар аударды.

- Бізде жем-шөп базасының жоқтығынан ірі бордақылау алаңдары жобалық қуатқа шыға алмаған теріс мысалдар бар, - деп атап өтті Әбілқайыр Сқақов. - Жоба экономикасын жақсылап есептеп, басқалардың қателіктеріне жол бермеу қажет.

Сондай-ақ, Май ауданында аймақ басшысы күніне 1000 литр қымыз өндіретін «Ақжар Өндіріс» ЖШС қымыз цехына барды. Агрофирма ыдыс өндіреді және қымызды бөтелкелерге құяды. 2020 жылдың төрт айында кәсіпорында 20 тонна қымыз бен 24 тонна консервілер өндірілген.

Айтуар Тулеутай

Фото: Валерий Бугаев

pavlodarnews.kz

Тэги: