Бұл туралы облыстық ТЖД баспасөз қызметі мәлім етті.

-    Жиын барысында өңірдің білім беру, мәдениет және спорт мекемелерінің, жергілікті полиция қызметінің, ювеналды полиция мен волонтерлік ұйымдардың өкілдері жазғы демалыс кезіндегі балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету мәселелерін талқылады. Департамент басшысының орынбасары Самат Асайынов жазғы демалыс кезінде балалардың қаза болуы мен жарақаттану фактілеріне жол бермеу қажеттігін алға тартып, балалардың ата-аналарымен түсіндіру жұмыстарын күшейту қажеттігін ескертті, - деді баспасөз қызметінде.

Облыстық білім беру басқармасы басшысының орынбасары Роза Ақанова жазғы демалысты ұйымдастыру кезіндегі балалар мен жасөспірімдердің қауіпсіздігін қамтамасыз ету бойынша іс-шаралар туралы айтты.

- Ағымдағы жылы 105 мыңнан астам оқушының жазғы демалысы мен бос уақытын қамту жоспарланып отыр, - деді Роза Ақанова. – Облыс бойынша барлығы 12 қала сыртындағы лагерь бар. Күрделі жөндеу жұмыстарына байланысты Ақтоғай ауылындағы балалар лагері жұмыс істемейді. Мичурин ауылындағы «Балдәурен» лагері 15 шілдеден бастап аумақты абаттандыру жұмыстары аяқталғаннан кейін балаларды қабылдауға дайын болады.

Жазғы науқан барысында әртүрлі бағыттағы 750 балалар лагері ашылады. 2019 жылы жазғы демалыс кезінде 723 балалар лагері жұмыс істеді.

-    Халықтың әлеуметтік қорғалмаған топтарының балаларын қамту және адамгершілік-рухани, патриоттық тәрбиеге баулу мақсатында ұл балаларға арналған «Жігер» жобасы және қыз балаларға арналған «Балауса» жобасы іске асырылатын болады.    Сонымен қатар, балалардың судағы қауіпсіздігін қамтамасыз ету мәселесі аса өзекті болып тұр. 2019 жылы облыстың су айдындарында 10 бала суға батқан еді, - деді баспасөз қызметінде.

Самат Асайынов балалар лагерлерінің қызметкерлері мен педагогикалық ұжымының қауіпсіздік техникасын білуі бойынша жұмыс  жүргізіп, лагерьлердегі бастапқы өрт сөндіру құралдарының техникалық әзірлігін тексеру қажеттілігін атап өтті.

Фото: ТЖД

pavlodarnews.kz

Тэги: