Қалалық мәслихаттың кезекті сессиясында Павлодарда көшеде жасалатын қылмыстар жөніндегі мақсатты индикаторға қол жеткізілмегені сөз болды. Мәселен, жоспарға сәйкес ол көрсеткіш 17,8%-ге тең болуы керек болса, былтырдың қорытындысында көшедегі қылмыстар 0,3 пайызға өсіп, 18,1% болды.

Жергілікті полиция қызметінің бастығы Арман Қаптаев бұл олқылықты түзету өте қарқынды жүріп жатқанын, полицейлердің осы бағытта зор жетістікке ие болғанын айтты.

- Қолға алған іс-шаралар нәтижесінде көшедегі қылмыстардың үлес салмағы қазірдің өзінде 8,7%-ге жетті, - дейді Арман Қаптаев. – Бұл - соңғы төрт жылдағы ең төменгі көрсеткіш. 2019 жылы тіркелген қылмыстар саны 2018 жылғы көрсеткішпен салыстырғанда 20,6%-ға кеміп, 1325-ке жетті.

Депутат Гүлнар Қайдарова камералардың қаншалықты қылмысты ашуға көмек беріп жатқанын сұрады.

- 2018 жылы камералардың көмегімен 149 қылмыс, былтыр 163 қылмыс ашылды, - дейді Арман Қаптаев. – Биылдың төрт айында аталған құрылғылар көмегімен 50 қылмыс ашылды.

Жергілікті полиция қызметінің бастығы айтқандай, биыл шамамен 20 млн теңгеге 30 шақты камера орнату жоспарлануда. Олар бағбаншылық аумағында орнатылады.

Оған қоса, тәртіп сақшылары көліктің қарқынды жүрісі, көпшілік көп жиналатын орындар мен криминогендік аудандарда қосымша 616 камера орнату жөнінде әкімдікке ұсыныс жолдаған.

Айбек Жұматов

Фото: ашық көздерден

pavlodarnews.kz

Тэги: қоғам