Байқау 1 маусым - Балаларды қорғау күніне орай «Павлодарлық трамвай» тақырыбында өтті.

Суреттерді қабылдау 16 мамыр күні басталған болатын. Екі апта ішінде ұйымдастырушыларға 42 жұмыс келіп түсті.

Байқау шарты бойынша қатысушылар жас ерекшеліктеріне қарай үш топқа бөлінді.

Нәтижесінде 3,5-7 жас аралығында Алиса Шишкова топ жарса, 8-10 жас аралығында Азиза Кабулова жеңіске жетті. 11 жастан жоғары топта Иван Петров үздік атанды. Сондай-ақ сайыстың ең жас қатысушысы Айсұлтан Әділұлына да сыйлық берілді. Ол - 3,5 жаста.

Бүгін басқарма төрағасы Муслим Махмудов жеңімпаздарға дипломдар мен сыйлықтарын табыстады.

- Біз жеке тақта жасап, бүкіл 42 суретті іліп қоямыз. Сіздердің суреттеріңіз өте керемет. Сіздердей талантты жолаушыларымыздың барына қуанамын. Бүгінгі мерекелеріңізбен құттықтаймын. Әрқашан денсаулықтарыңыз мықты болсын, - деді Муслим Махмудов.

Жеңімпаз атанған балаларға ойыншықтар сыйға тартылды. Үздік туындылар көлік саласы қызметкерлерінің күнінде жолға шығатын мерекелік трамвайда орналастырылады.

Айта кетейік, сонымен қатар, трамвай басқармасы «Сәтті билет» акциясын өткізуде. Акция аясында валидатор арқылы төлем жасап, жүрекшесі бар билетті алғандар «Саяхат трамвайында» жүру мүмкіндігіне ие болады. Ал, билетінде «төленді» деген мөр болса, трамвайда бір рет тегін жүру құқығына ие болады.

Фото: Павлодар қаласының трамвай басқармасы

pavlodarnews.kz

Тэги: