Павлодар қаласы орталықтандырылған кітапханалар жүйесінің басшысы Руслан Маралбаевтың айтуынша, осы мерзімде жүйе сайтына жазылушылар 33,2 пайызға өскен.

- Кітапхана жүйесінің сайтында және әлеуметтік желілерінде әртүрлі онлайн материалдар жарияланды, - дейді Руслан Маралбаев. - Осы уақыт ішінде кітапхана жүйесінің әлеуметтік желілерінде жазылушылар саны 80 пайызға өсті. Мамыр мерекелері қарсаңында онлайн байқаулар ұйымдастырылды. 1 мамыр Бірлік күніне «Этно-Fashion» ұлттық киімдер байқауы, Жеңістің 75 жылдығына орай «Ардагерге хат» байқауы, 9 мамыр қарсаңында «Біз Жеңістің ұрпақтарымыз» челленджі өткізілді.

Сонымен қатар, республикалық «Бір ел, бір кітап» акциясы аясында М. Әуезовтің «Абай жолы» романын дауыстап оқу марафоны мен өңірдің ақын-жазушылары және қызықты адамдарының қатысуымен онлайн кездесулер ұйымдастырылды.

- Бұл жұмыстар жүйелі жоспар бойынша жүргізілуде және жалғасын табады, - дейді кітапханалар жүйесінің басшысы. – Мысалы, бүгін Халықаралық балаларды қорғау күніне орай онлайн қуыршақ театры қойылды. Бұл барлық әлеуметтік желілерде жарияланды.

Айта кетейік, Павлодарда 13, оның ішінде қала бойынша 8, ауылдық мекендерде 5 кітапхана бар. Орталықтандырылған кітапханалар жүйесінде 101 қызметкер жұмыс істейді. Кітап қоры 279 мың дананы құрайды.

Айгүл Жүсіпова 

Фото: автор

pavlodarnews.kz

Тэги: