Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз мәслихатында облыстық тауарлар мен көрсетілетін қызметтердің сапасы мен қауіпсіздігін бақылау департаменті басшысы Зәмзәгүл Досжанова өңіріміздегі эпидемиялық жағдайды баяндап берді.

Оның сөзіне қарағанда, соңғы апта ішінде облыстағы коронавирусқа шалдыққандардың саны 9,2%-ды құраған. Десек те, республика бойынша теміржол, авто және әуе жолдарының жұмысы жанданды.

- Бірте-бірте күнделікті өмірге орала бастадық: нысандар іске қосыла бастады, - дейді Зәмзәгүл Досжанова. – Алайда коронавирустық инфекцияға шалдығу оқиғаларының тіркелуін ескерсек, әлеуметтік ара қашықтық пен маска тағу режимін сақтауды еш ұмытуға болмайды.

Сонымен бірге, облыстық бас санитарлық дәрігері коронавирустық инфекцияға шалдыққандардың саны азаймай тұрғандығының себептерін санамалап өтті.

- Өкінішке орай, соңғы екі апта ішінде науқастардың саны артуда, - дейді Зәмзәгүл Досжанова. – Бұл экспресс-тестерден өткен адамдар санының артуы мен карантиндік шаралардың жеңілдетілуінен кейінгі адамдардың маска тағу режимін сақтамаудың салдарынан орын алып отыр. Оған қоса, соңғы оқиғалардың көбі өндіріс орындарында тіркелген. Демек, ондағы профилактикалық шаралардың деңгейі төмендеген.

Айбек Жұматов

Фото: Ольга Бугаева

pavlodarnews.kz

Тэги: санитарлық жағдай, коронавирус, COVID-19, Зәмзагүл Досжанова