Бұл туралы Baq.kz хабарлайды.

Отырыста негізгі баяндаманы Қазақстан Республикасы Қорғаныс министрінің бірінші орынбасары – Қарулы Күштер Бас штабының бастығы Мұрат Бектанов, ал қосымша баяндаманы Сенат депутаты, комитет мүшесі Нұржан Нұрсипатов жасады.

Заң жобасының негізгі мақсаты – соғыс жағдайында мемлекет функцияларының тетіктерін болжалды әскери қауіп-қатерлерді және жаңа заманғы әскери қақтығыстар формасы мен тәсілдерінің өзгеруін есепке ала отырып жетілдіру.

Заң жобасының басты жаңалығы өңірлерде қорғаныс кеңестерін құру болып саналады, бұл, өз кезегінде, жергілікті атқарушы органдардың жауапкершілігін арттырады. Сонымен қатар, жоғары оқу орындарында ақылы негізде запастағы сержанттарды даярлау көзделген, бұл жұмылдыру резервін нығайту қажеттілігінен туындап отыр – дейді сенатор Н. Нұрсипатов.

Заң жобасы Еңбек кодексіне, "Жұмылдыру дайындығы мен жұмылдыру туралы", "Мемлекеттік құпия туралы", "Соғыс жағдайы туралы", "Қазақстан Республикасының Қорғанысы және Қарулы Күштері туралы", "Білім туралы" және "Әскери қызмет және әскери қызметшілердің мәртебесі туралы" заңдарға түзету енгізуді көздейді.

Құжат Палата қарауына жолданды.

Сондай-ақ, кеңейтілген отырыста сенаторлар ел Қарулы Күштерінің одан әрі даму мәселесін жан-жақты талқылады. Оның барысында әскери білім жүйесін және әскери ғылымды, кадр даярлауды жетілдіру, әскери тәртіп пен құқықтық тәртіп жағдайы, әскери қызметшілерді әлеуметтік қамтамасыз ету және Қарулы Күштердің бітімгерлік қызметі туралы мәселелер көтерілді.

pavlodarnews.kz

Тэги: