Павлодар облыстық «Жасыл ел» штабының басшысы Абай Уахит биыл жазғы маусымда 1500 сарбаз жұмылдырылатынын атап өтті.

- Сарбаздар экологиялық, құрылыс және шығармашылық бағыттарында жұмыс істейді, - деді Абай Уахит. – Бүгін археологиялық топ жұмысына кірісуде. ПМПУ-мен бірге үшінші жыл қатарынан осы топты жасақтап келеміз. Биыл 50 сарбаз тер төгеді. Осы айда 20, шілдеде 20, тамыз айында 10 сарбаз еңбек етеді. Сондай-ақ Екібастұз қаласында археологиялық топ жасақталып, онда 10 сарбаз жұмыс істейді.

ПМПУ жанындағы Margulan Centre орталығының «Рухани жаңғыру» ғылыми-зерттеу зертханасының жетекшісі Еңлік Әбеуова археологиялық топ Баянауыл ауданында қазба жұмыстарына қатысатынын айтты.

- Бұл топтың мақсаты – өңірдегі тарихи-мәдени ескерткіштерді сақтау және зерттеу, - деді Еңлік Әбеуова. – Әсіресе археологиялық мұраларын, сакралды нысандарды зерттеу. Бүгін орталықпен, қауіпсіздік ережелерімен танысып жатыр. Кейін Баянауылдағы «Торайғыр сақ қорғандарын», «Кемпір тас» обасын, тастағы жазуларды зерттеп, Сұлтанмахмұт Торайғыров кесенесінде жұмыс істейді. Торайғыр көлінің маңында базамыз бар. Сарбаздар сонда орналасады. Жыл сайын қызықты болады. Өткен жылы сарбаздар Кемпір тас пен Торайғыр сақ қорғанында аспан астындағы ашық музей жасауға қатысты.

Археологиялық топтағы 50 сарбаздың жартысы ПМПУ-де тарих мамандығында білім алатын студенттер болса, қалған жартысы өздері қызығушылық танытқан жастар.

«Жасыл ел» штабының басшысы Абай Уахиттың айтуынша, биылдан бастап сарбаздарға зейнетақы жарнасы төленеді.

- Жасыл ел тарапынан сарбаздардың 18 жастан асқандарына 29 мың теңге төленеді. Сондай-ақ медициналық сақтандыруға төлем аударылады. Ал, 16-18 жас аралығындағыларға 30500 теңге төленеді. Оған қоса, мердігерлермен жұмыс істейтіндерге компаниялар жалақы төлейді. Мысалы, құрылыс жасағының алды «Батыр» спорт мектебінің жөндеу жұмысына кірісті. Оларға мердігер 85 мың теңге жалақы төлеуде, - деді Абай Уахит.

Айта кетейік, облыстық «Жасыл ел» жұмысының ресми ашылуы 20 маусым күніне жоспарланған. Өңірлік штаб ашылу салтанатын ағаш отырғызып өткізбек.

Оразбек Саяхат
Фото: автор және облыстық «Жасыл ел» штабы

pavlodarnews.kz

Тэги: Павлодар, Жасыл ел, археологиялық топ, тарих, мұра, қазба жұмыстары