«Автовокзал сервис» ЖШС директоры Евгений Пилипенко облыс ішінде барлық бағыттар ашылғанын айтады.

- Автобустарда 3-4 жолаушы ғана жүріп жатыр, - деді Евгений Пилипенко. – Тасымалдаушыларды күшпен шығара алмаймыз. Олар 2 ай жұмыссыз тұрды. Өздері де түсініп отыр. Бос болса да автобустарды жүргізіп, жолаушыларды шақыру қажет. Төтенше жағдай кезінде таксилер қатынап тұрды. Біздің жолаушылар таксиге ауып кетті. Алайда, оларда баға тым қымбат. Жолаушылар легі қайта қалпына келеді деп ойлаймыз. Жаз келісімен халық арасында қатынау басталады. Сұраныс болған бағыттарда техника саны артады. Облыс бойынша 50-ден астам бағыт бар.

Евгений Пилипенконың айтуынша, жаз мезгілінде Баянауыл, Ертіс, Железин, Тереңкөл, Шарбақты аудандарына қатынайтындар саны артады.

Сонымен қатар, павлодарлық автовокзалдардан өзге облыстарға қатынайтын автобустар 5 маусымнан бастап жүреді. Билеттер алдын ала сатылуда.

- Бізде барлығы 77 адам жұмыс жасайды. Бүгінде қажетті мамандарды ғана шақырып алдық. Өткен жылы 129 адам жұмыс істеген. Жыл басында штатта қысқарту болды. Барлық санитарлық нормаларды қатаң сақтаудамыз. Автобустарға отырғызу және жүк салу кезінде қашықтық сақталады, - деді Евгений Пилипенко.

Темір жол вокзалы жанындағы автовокзал – «Сапаржай Павлодар» ЖШС-нің директоры Павел Браславскийдің сөзінше, 1 маусым күні жолаушылардың орташа легі 700 адам болған.

- Төтенше жағдайға дейін жолаушылар легі күніне 3,5 мың адам болды, - деді Павел Браславский. – Төтенше жағдай кезінде 2 есеге азайды. Кеше автобустарға 700 адам отырды. Әзірге адамдар автобустар шыққанынан хабарсыз. Әлеуметтік желілер арқылы хабарлама таралуда. Енді қалпына келеді деген сенімдеміз. Автобустардағы орындар бойынша шектеу жоқ. Бетперде тағу режимі сақталады. Вокзалға бетпердесіз ешкім кірмейді. Вокзалға кірер кезде және автобусқа отырғызар алдында жолаушылардың температурасы тексеріледі. Сондай-ақ әртүрлі жағдаймен автобуста бетпердесі болмаған жолаушыларға бетперде тегін беріледі.

Кеше «Сапаржай Павлодардан» аттанған 580 жолаушы Ақсуға, 120 адам Екібастұзға, қалғандары басқа аудандарға бағыт алған.

Оразбек Саяхат

pavlodarnews.kz

Тэги: