Бұл туралы «Олимп» зертханасы желісінің директоры Төлеген Мағауов мәлім етті.

- Денсаулық сақтау басқармасы тұрғындарды «Сәби» қоры көрсетіп жатқан қайырымдылық көмек аясында коронавирусқа қарсы денелерді анықтау бойынша тегін экспресс-тестілеуден өтуге шақырады, - дейді Төлеген Мағауов. - Тестілеуді орындайтын оператор ретінде жеке зертханалардың біреуі тағайындалды. Экспресс-тест тапсыру үшін cdl.kz сайтында сауалнама толтыру қажет. Денсаулық сақтау министрлігінің эпидемиологтары эпидемиологиялық өлшемдер негізінде сауалнамаларды іріктеп алады. Содан кейін байланыс орталықтың операторлары пациентпен байланысып, емшара кабинетіне келу уақытын жеке тағайындайды.

Мекеме директорының айтуынша, қауіпсіздік шараларын сақтау мақсатында пациент келесі ережелерді сақтауы тиіс:

• нәтижені алу үшін электрондық поштаны көрсету;

• қатаң түрде көрсетілген уақытта келу;

• маска киіп келу;

• емшара кабинеті келушілерінің арасында 1,5-2 метр арақашықтықты сақтау.

Экспресс-тестілеудің нәтижесі талдау тапсырғаннан кейін 15 минутта ұсынылып, сауалнама толтырған кезде көрсеткен электрондық поштаға жіберіледі.

Еске сала кетейік, кеше, 1 маусым күні облыстық денсаулық сақтау басқармасы басшысының м.а. Біржан Досмаиловпен өткізілген брифингтен кейін БАҚ өкілдері COVID-19-ға экспресс-тест тапсырған болатын.

 

Фото: Ольга Бугаева

pavlodarnews.kz

Тэги: Covid-2019