Бұл туралы BAQ.KZ тілшісі хабарлайды.

Бүгін ҚР Президенті жанындағы Орталық коммуникациялар қызметі алаңында өткен есеп беру кездесуінде ҚР ауыл шаруашылығы министрі Сапархан Омаров мал шаруашылығы саласында 4% көлеміндегі тұрақты өсім сақталып отырғанын жеткізді.

Мал шаруашылығы саласында 4% көлеміндегі тұрақты өсім сақталып отыр. Жыл қорытындысы бойынша жалпы өнім көлемі 2,3 трлн теңгеге өсті, - деді ол.
Сапархан Омаровтың айтуынша, кредит беру және қосымша субсидиялау арқылы іске асырылған шаралар өз жемісін берді.

Мәселен, ауыл шаруашылығы жануарлары өсімінде оң серпін байқалып отыр: ірі қара мал мен ұсақ мал 2,7%-ға, жылқы 11,5%-ға, шошқа 2,5%-ға, құс 1,6%-ға артты. 2019 жылы қызыл ет өндіру көлемі 5,8%-ға, құс етін өндіру көлемі 15,8%-ға ұлғайды. Мемлекеттік қолдаудың арқасында сүт өңдеу 7%-ға, ет өңдеу 8%-ға артты. Бұл ретте сүт зауыттарының жүктемесі 18%-ға, ет комбинаттарының жүктемесі 21,6%-ға ұлғайды, - деді министр.

Айта кетейік, бұған дейін министр өткен жылы ауыл шаруашылығының жалпы өнім көлемі 5,2 трлн теңгені құрағанын және қазіргі уақытта еліміздегі суармалы жер көлемі 1 млн 546 мың гектарды құрайтынын айтқан болатын.

pavlodarnews.kz

Тэги: