Байқауды Халықаралық ақпараттық технологиялар университеті ұйымдастырды.

12-сыныпқа көшетін Азамат Бекболат, Еркебұлан Елжан және Тұрлыхан Тоқтағанов «Ақпараттық технологиялар» аталымындағы «Цифрлық университет» және серіктестер тапсырмасы бағытында үздік деп танылды және «Õzen» демеушісінің арнайы сыйлығына ие болды.

Жас өнертапқыштар бейресми ортада өздерінің креативті идеяларын таныстырып, конкурстың ережесіне сәйкес, екі күннің ішінде «Ozen App» деп аталатын жаңа әлеуметтік желі құрастырды. Дарынды шәкірттерді дайындаған - информатика пәнінің мұғалімі Қуаныш Мағауин.

Бұған дейін олар республика көлемінде бірқатар IT, робототехника байқауларында топ жарып, хакатондарда жеңімпаз атанып үлгерген.

Еркебұлан Елжанның айтуынша, Òzen app қазіргі күнде жастардың көзайымына айналып жүрген Ozenxo жобасының тапсырмасы бойынша құрастырылған. Оның негізгі мақсаты - қазақстандық жас әншілерді дүйім жұртқа таныстыру, тыңдаушыларды бір жерде тоғыстыру. Осында барлық жаңалықтарды оқып, жаңа әңдерді тыңдап, үлкен бір отбасы тәрізді бірге болу. Арнайы чат функциясы арқылы қолданушылар бір-бірімен сөйлесіп, өздерінің пікірлерін қалдыра алады. Өзге әлеуметтік желілерден басты айырмашылығы - белгілі бір бағытқа орай жасалуында.

– Hackday - бұл жыл сайын Алматыда өтетін ең ірі хакатондардың бірі. Біздің командамыз сайысқа алғаш рет қатысқан болатын. Биылғы жылы хакатон онлайн форматта өтті және біз үшін бұл алғашқы тәжірибе болды.  «Ozen» қазақ лейблінің тапсырмасын шешіп, үздіктер қатарынан табылғанымызға өте қуаныштымыз. Тапсырма бойынша Android/iOS платформаларын пайдаланушылар үшін әлеуметтік желіні жасап шығу керек болды және жұмысымызға жоғары баға берілді, – дейді Азамат Бекболат.

Айта кетерлігі, фестивальге алыс шетелдер мен республикамыздың әр өңірінен 1500-ден астам адам өтініш жолдаған. Оның ішінен ақтық сынға 160 команда өтті.

Болашақта зияткерлердің туындылары Аpp Store немесе Play market-ке жүктеліп, сол жерде кез келген адамға қолжетімді болады.

 

Ақбота Сейсенбаева
Фото: НЗМ

 

 

pavlodarnews.kz

Тэги: қоғам