Жаңадан сайланған төрт халық қалаулысына қалалық аумақтық сайлау комиссиясының төрағасы Александр Маржықбаев төсбелгілер мен куәліктерді табыстады.

- 29-қазан күні ҚР «Сайлау туралы» конституциялық заңына және күнтізбелік жоспарға сәйкес шығып қалған депутаттардың орнына қалалық мәслихаттың депутаттары сайланды, - деді комиссия төрағасы. - Төрт бос мандатқа өтініш берген 13 үміткердің ішінен бір адам өз еркі бойынша қатысудан бас тартқан. Әрбір округте үш кандидаттан 12 адам сайлауға түсті. Сайлаудың қорытындысы бойынша сайлаушылар өз дауыстарын «Нұр Отан» саяси партиясының үміткерлеріне берген. Нәтижесінде Марат Баяндин № 1 қалалық аумақтық сайлау округі бойынша 85 пайыз, Қобланбек Кожин № 11 қалалық аумақтық сайлау округі бойынша 76,6 пайыз, Азамат Смағұлов № 12 қалалық аумақтық сайлау округі бойынша 75,5 пайыз және Алтынбек Нұхұлы № 13 қалалық аумақтық округі бойынша 82,2 дауыс жинаған.

 Павлодар қаласының әкімі Нұржан Әшімбетов сайлау жоғары деңгейде өткенін және тұрғындардың 70 пайызы белсенді қатысқанын атап өтті.

- Бұл күні мәдени шаралар мен жәрмеңкелер ұйымдастырылды. Жаңадан сайланған депутаттардың барлығы өңірге танымал азаматтар. Алтынбек Нұхұлы Павлодар мемлекеттік педагогикалық институтының ректоры. Аталмыш білім ордасына биыл 50 жыл толғаны белгілі. Тағы бір жоғары оқу орны - Инновациялық Еуразия университетінің ректоры Марат Баяндин. Қобланбек Кожин  «Biue Star» ЖШС-н басқарып отырған жас кәсіпкер. Азамат Смағұлов та бизнеспен айланысып, қоғамда болып жатқан жайттарға бей-жай қарамайтын жандардың қатарынан, - деп қала басшысы депутаттардың жаңа құрамына сәттілік тіледі.

Марат Баяндин мен Қобланбек Кожин заң мен азаматтардың құқықтарын сақтау, Азамат Смағұлов ТҮКШ мәселелері және Алтынбек Нұхұлы әлеуметтік саясат жөніндегі комиссияның құрамына қабылданды.

Ақбота Сейсенбева

Суреттерді қала әкімінің баспасөз қызметі ұсынды

 

pavlodarnews.kz

Тэги: саясат