Екінші Павлодар мөлтек ауданының қақ ортасында орналасқан Салтыков-Щедрин, 30 үйінің тұрғыны Мадина Бекмағамбетова бұл жерде балалардың бос уақытын өткізетін жердің жоқтығына қынжылыс білдірді.

- Заманауи ойын алаңының жоқтығынан далаға көп шыға қоймаймыз, - дейді Мадина Бекмағамбетова. – Баланы ойнату үшін қала аралап кетеміз. Біздің үй маңындағы аулаларда барлық ойын алаңдарының ескіргені соншалық, балалардың қауіпсіздігіне алаңдаймыз.

Шынында да, аталған мекенжайдағы көпқабатты үйге іргелес Минин, 40, 42, Украинская, 97, 101 ғимараттар маңындағы жағдай осыған ұқсас. Тұрғындар көп қоныстанған ауданда заманауи спорт алаңы жоқ.

- Біздің үй салынған кеңестік заманнан бері мұнда ешбір жұмыстар істелінбеген, - дейді Минин, 42 үйінің тұрғыны Елизавета Капиносова. – Бәрін өз күшімізбен жасап жүрміз. Біздің аула үлкен, мұнда балалар алаңын да, спорт алаңын да жасауға мүмкіндік жетеді. Бізге тағы қоқыс тастайтын жәшіктер қажет. Оған қоса, көлік қоятын тұрақ ұйымдастыру керек.

Геринг, 79 мекенжайындағы №18 жалпыорта білім беретін мектепте орналасқан футбол алаңы болса, әбден көнерген. Онда доп ойнау – ыңғайсыз ғана емес, адам өміріне қауіпті: жасанды жамылғы жыртылған, ал қақпаның бірі де жоқ. Алаңда терең шұңқырлар көп.

- Футбол алаңының түрі мынандай, спорт қондырғыларын жаңарту керек. – дейді Екінші Павлодар мөлтек ауданының тұрғыны Айтжан Қасымов. – Спорт алаңының осындай жағдайда болғанына 4-5 жылдай болды. Былтыр қақпаларын әкетті. Жастар келіп ойнайды, жүгіреді.

Қала әкімі Қайрат Нүкенов баспасөз мәслихатында хабарлағандай, биыл солтүстік өндірістік аймақ, Лесозавод, Радиозавод мөлтек аудандарында бір-бір спорт және балалар алаңдары салынады. Жібек Жолы – Ладожская – Майра көшелері шекарасында балаларға арналған алаңдар, спорттық қондырғылар мен автокөлік тұрақтарымен жабдықталған 27 аула таңдалды.

Естай – Қамзин – Ломов – Астана көшелері шекарасындағы 26 аулада дәл осындай жұмыстар атқарылмақ. Сонымен бірге, Екінші Павлодар, Хим қалашығы және теміржол вокзалы маңындағы тұрғын үйлердің 37 ауласы күрделі жөндеуден өтеді.

Жалпы, қаламызда «Балалар жастар спорт орталығы» КММ балансында 123 спорт алаңдары бар. Орталықтың спорт алаңдарының меңгерушісі Еркін Мәкішовтің айтуынша, олардың 25-і жасанды көгалы бар футбол алаңдары. Одан басқа, мекеме қарамағында тартан жабындысы бар 57 стритбол, 10 баскетбол, төрт волейбол алаңы мен бес хоккей корты бар.

Айбек Жұматов

Фото: Ольга Бугаева

pavlodarnews.kz

Тэги: спорт алаңдары, ПИК, ТҮКШ, коммуналдық шаруашылық, спорт, Қайрат Нүкенов, балалар