Бұл туралы өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз конференциясында өңірдің санитарлық бас дәрігерлі Зәмзагүл Досжанова айтты.

- Сондықтан бұл сұрақты 15 маусымнан кейін қарастырамыз, - дейді Зәмзагүл Досжанова. - Мүмкін эпидемиологиялық жағдай жақсара түседі. Балаларды сауықтыру лагеріне белгілі талаптар қойылады. Сол жерде жұмыс істейтін адамдарда санитарлық-эпидемиологиялық қорытынды болуы керек. Сондай-ақ карантин кезінде лагерьлердің дайындығы туралы акті мен бұл жұмысқа кірісетін барлық адамдар 72 сағат бұрын КВИ инфекциясына теріс нәтижесі бар анықтама алуы тиіс.

Бұдан басқа, өңірдің бас санитарлық дәрігері демалатын балаларда екі анықтама болуы қажет екенін айтып өтті.

- Бұл - денсаулық жағдайы туралы 086-У нысанындағы және инфекциялық аурулары, соның ішінде коронавирус инфекциясы  бар адамдармен байланыста болмағаны туралы растайтын анықтамалар, - дейді Зәмзагүл Досжанова. - Лагерьлерге барғанға дейін жүргізушілер автоубстарды тексеріп, рейс алдында және келгеннен кейін санитарлық дезинфекция жүргізіледі. Әрбір лагерь жеткілікті деңгейде маскамен қамтамасыз етілуі тиіс.

Еске сала кетейік, өңірде сауықтыру лагерьлерін 15 маусымда ашу ұсынылған болатын. 2020 жылғы каникул кезінде пандемия жағдайында балаларды жазғы демалыспен қамтудың екі нұсқасы қарастырылған: дәстүрлі немесе дистанциялық форматта.

Ақбота Сейсенбаева

Фото: ашық көздерден

pavlodarnews.kz

Тэги: қоғам